74 жастағы студент диплом алды
Тараз қаласының 74 жастағы тұрғыны Валентина Проскурина өзінің табандылығы мен білімге деген құлшынысы арқылы көпке үлгі көрсетіп, білім алу ешқашан кеш емес екенін іс жүзінде дәлелдеді.
Валентина Павловна жақында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, диплом алды.
Валентина Павловна бұған дейін экономика мамандығы бойынша жоғары білім алып, қаржы, экономика саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған. Оның «Лем» баспасынан жарық көрген 20-дан аса оқу құралы бүгінде еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында қосымша оқулық ретінде қолданылады. Әсіресе «Бухгалтерлік есеп: басынан бастап балансқа дейін» атты еңбегі кәсіби ортада кеңінен танымал.
Алайда ол білім жолында мұнымен тоқтап қалмай, заңгерлік бағытта тағы бір белесті бағындыруды мақсат еткен. Бұл шешімге келуіне нақты бір жағдай себеп болыпты.
Осылайша, ол екінші рет студент атанып, білім алуға бел буады. Жасының үлкендігі оған еш кедергі болған жоқ.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бұл оқиғаны ерекше атап өтіп, Валентина Павловнаның табандылығы мен еңбекқорлығы оқу орнының тарихында айрықша орын алатынына тоқталды.
9 немере мен 2 шөберенің әжесі Валентина Павловна енді магистратураға түсуді ойлап жүр.
Еңлік ӘБДІРАСИЛ,
журналист