Жақсылығы көп «Жастар тәжірибесі»
Жастар арасындағы жұмыссыздық – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Көптеген жас маман оқуын аяқтағаннан кейін бірден жұмыс таба алмай, тәжірибе мен еңбек өтілінің жоқтығынан түрлі қиындықтарға тап болады. Дегенмен елімізде жастарды жұмыспен қамтуға айрықша көңіл бөлініп, түрлі баянды бағдарламалар, жемісті жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы талай жастың екі қолға бір күрек табуына көп септігін тигізуде.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасының мақсаты – университет пен колледж бітірген азаматтарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу. Яғни олардың тәжірибе жинақтап, белгілі бір қызметке бейімделуіне жәрдемдесу. Тек бір ескере кететіні бағдарламаға жасы 35-тен аспаған, алған мамандығы немесе кәсібі бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ мамандар ғана қатыса алады.
Жобаға қатысу үшін үміткерлер тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына барып, қажетті құжаттарын тапсыру арқылы тіркеуден өтуі қажет. Жұмыспен қамту орталығы «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы ұсынылған деректерді тіркегеннен кейін ғана азаматтың құжаттары қабылданған болып есептеледі және кейін иесіне қайтарылады.
Азаматтар ұсынылған құжаттарды тапсырғаннан кейін және «жұмыссыз» мәртебесі берілген соң жұмыспен қамту орталығы тиісті келісіммен «Жастар тәжірибесіне» жолдама береді. Жолдама негізінде жұмыс беруші мекеме үміткерді бағдарлама шеңберінде жұмысқа қабылдай алады. Айта кету керек, бағдарламаға қатысушының нақты жұмыс кестесі мен жұмыс күні жұмыс беруші тарапынан белгіленеді және екі жақтың келісімімен айқындалады.
Елімізде өткен жылы 33 мыңнан аса адам «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмыс тапқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы бағдарлама бойынша Түркістан облысында – 8,6 мың адам, Қызылорда облысында – 3,2 мың адам, Жамбыл облысында – 2,6 мың адам және Шымкент қаласында 2,4 мың адам жұмысқа орналасқан. Бағдарламаға қатысатын әйелдердің үлесі 64,8 пайызды немесе 21,6 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі 19,3 мың адамды немесе 57,9 пайызды құрайды.
Облысымызда да жастарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Әлия Сапашеваның айтуынша, өңірімізде 839 жас «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа жолданып, тұрақты жұмыс орындарына жіберілуде.
Ал Тараз қаласы бойынша «Мансаптық орталық» филиалының директоры Сәбит Мүсіреповтың мәлімдеуінше, бүгінге дейін жұмыссыздық мәселесімен және жалпы еңбек нарығындағы жағдайға байланысты орталыққа ресми түрде жүгінген жастардың саны 2 296-ны құрапты.
Бағдарламаның шарапатын көрген жастардың бірі – Нұрай Раджапова. Жас маман 2024 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелген. Нәтижесінде аудандық жастар ресурстық орталығына жұмысқа қабылданған.
Ел болашағының жарқын болуы жастарға байланысты екені анық. Сол себепті үлкен үміт күтіп отырған өскелең ұрпақтың әлеуетін жоғарылатып, үздік білім алуына, өз ісінің маманы болуына, қажетті жұмыс орындарымен қамтылуына жол ашатын бағдарламалар, жобалар жалғаса берсе дейміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ