Қоғам

Адам жанына араша болған орталық

Сіз бен біз алаңсыз жұмыс істеп отырғанда немесе тәтті ұйқы құшағының жатқанда кейбіреулер өмір үшін күресіп жатады. Бірі апатқа ұшыраса, енді бірінің үйі отқа оранып, көмекке мұқтаж болады. Осындайда алғашқы болып әрекет ететін – облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жоспарлау және жедел басқару орталығы.

Мұндағы мамандар әрбір дабылға жедел жауап беріп, қауіптің алдын алуға күш салады. Олардың жұмысында бейқам сәт болмайды, кез келген шақыру – нақты шешім қабылдауды, бірден әрекет етуді талап етеді. Себебі әр секундтың бағасы адам өмірімен өлшенеді.

Орталыққа азаматтық қорғау полковнигі Жеңіс Қайнарбаев жетекшілік етеді. Саладағы еңбек өтілі 22 жылдан асатын Жеңіс Қайратұлы тәжірибесі мол, нағыз кәсіби маман ретінде ұжымына үлгі.

Диспетчер болу үшін кандидаттар азаматтық қорғау органдарына қабылдау заңнамасына сәйкес конкурс арқылы іріктеледі екен. Аға диспетчер үшін жоғары білім, ал диспетчер үшін орта білім талап етіледі. Сонымен қатар психологиялық тұрақтылық, қазақ және орыс тілдерін еркін меңгеруі қажет, ал ағылшын тілі анықтамалық деңгейде қарастырылады.

Орталық бастығының айтуынша, қызметкерлер жұмысқа қабылданарда кәсіби даярлық мектебінде оқу курсынан және арнайы дайындықтан өтеді. Сонымен бірге ай сайын ақпарат алмасу сабақтары мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылып тұрады екен.

«101» және «112» арнайы жедел желілеріне келіп түскен барлық қоңырауларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Мұндай бақылау өңірдегі төтенше жағдайларға қатысты жедел ахуалды бағалап, азаматтардың хабарласу деңгейін саралау үшін маңызды.

Төтенше жағдайлар қызметінің жеделдігі мен тиімділігі тек адами факторға емес, заманауи технологиялық жүйелердің жұмыс сапасына да тікелей байланысты екені белгілі. Уақытпен санаспайтын бұл салада техниканың мүлтіксіз жұмыс істеуі қауіптің алдын алуда шешуші рөл атқарады. Сондықтан диспетчерлік орталықтың заманауи құралдармен жабдықталуы уақыт талабы әрі жауапты қызметтің негізгі тірегі саналады.

Жеңіс Қайратұлының сөзінше, орталық заманға сай жабдықталған. Қазіргі таңда 6 «101» және 4 «112» байланыс желісі жұмыс істейді. Сонымен қатар 3 репитерлі радиобайланыс қондырғысы орнатылған. Хабарлама түскен соң оның қай өрт сөндіру бөлімінің аймағына тиесілі екені автоматты түрде анықталып, радиобайланыс арқылы тиісті бөлімге жіберіледі. Қоңырау саны көбейген жағдайда қосымша күштер автоматты түрде жұмылдырылады.

Орталық бүгінгі күні автоматтандырылған жұмыс орнымен толықтай жабдықталған. Бұл жүйе мекенжайды тез анықтауға, мүгедектігі бар адамдар туралы ақпаратты көруге, жақын маңдағы су көздерін табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаладағы 6 «Сергек» камерасы іске қосылған. Облыс аумағындағы орман және дала өрттерін анықтау үшін «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының космомониторинг жүйесі де қолданылады.

Көпшілік үшін диспетчер маманның жұмысы тек қоңырау қабылдаумен шектелетіндей көрінуі мүмкін. Бірақ бұл тәртіп пен шапшаңдықты талап ететін, жауапкершілігі зор қызмет. Ендеше диспетчердің бір күнінің қалай өтетініне шолу жасап көрейік.

Мамандардың жұмыс күні таңертеңгі нұсқаулықтан басталады. Кезекшілікке кіріскен қызметкерлер алдымен жедел жағдаймен танысып, өзіне тиесілі қызметтік құжаттар мен байланыс құралдарын қабылдап алады. Одан кейін облыстық өртке қарсы гарнизонының күштері мен құралдарының саптық жазбасы жасалып, орталықтағы радиобайланыс жүйелері тексеріледі. Бұл кезең өрт сөндіру бөлімдерімен үзіліссіз әрі нақты байланыс орнату үшін маңызды.

Орталықта кезекшілік тәртібі нақты белгіленген. Мамандар тәуліктік режимде жұмыс істейді. Бір күн кезекшілікке түсіп, үш күн демалыс алады. Ауысым сағат 08:00-де басталып, келесі күнгі 08:00-де аяқталады. Түнгі мезгілде диспетчерлер арнайы кестеге сай 4 сағаттан кезекпен демалады. Алайда кезекшілік кезінде төтенше жағдай орын алса, барлық диспетчер бірден жұмылдырылады. Қызмет барысында әрбір маманға нақты міндет жүктеледі. Жедел кезекші, көмекші, диспетчер және аға диспетчер өз бағыттары бойынша жұмыс істейді.

Келіп түскен әрбір хабарлама жедел түрде тіркеліп, қай аумаққа тиесілі екені анықталады. Радиобайланыс арқылы оқиға орнына тиісті өрт сөндіру бөлімшесі бағытталады. Сонымен қатар байланыс үзілмей, оқиға орнынан мәліметтер үздіксіз жаңартылып отырады. Қоңырау саны күрт артқан жағдайда қосымша күштерді жұмылдыру жүйесі автоматты түрде іске қосылады.

Жұмыс барысында диспетчерлер тек қоңырауларды қабылдап қоймай, оларды саралап, шын немесе жалған шақырту екенін анықтайды. Сондай-ақ күнделікті келіп түскен ақпараттар бойынша басшылыққа арналған құжаттар әзірлеп, талдау жұмыстарын да қатар жүргізеді.

Осындай тынымсыз әрі жауапты жұмыста кәсібилігімен ерекшеленіп жүрген мамандар да жоқ емес. Солардың қатарында аға диспетчерлер Малика Аманжол мен Айдана Айтбаева ерекше көзге түседі.

Бір оқиғаны мысалға келтіре кетсек, 2024 жылдың 20 маусымында сағат 22:13-те Тараз қаласындағы Промзона №83 мекенжайында орналасқан «Тараз» металлургиялық зауытындағы жоғары кернеулі трансформатордың жануы туралы хабарлама түседі. Жоғары кернеулі ТДЦ-200000 кВ трансформаторының жануы, 10 метр қашықтықта орналасқан әкімшілік ғимаратқа да өрттің таралу қаупінің туындауы жағдайды күрделендірді.

Ақпаратты алғашқы болып қабылдаған диспетчер Малика Аманжол жағдайдың маңызын жедел бағалап, Тараз қаласының өртке қарсы қызмет гарнизонының шығу кестесіне сәйкес жоғары деңгейлі №2 шақыру бойынша күштер мен құралдарды дереу жұмылдырды. Сонымен қатар өзара іс-қимыл жасайтын тіршілік қауіпсіздігі қызметтеріне хабар беріп, оларды да оқиға орнына бағыттады.

Малика Асқарқызы жоспарлау және жедел басқару орталығының жедел кезекшісімен тұрақты байланыста болып, оқиғаның өрбуі жайында басшылық пен жедел кезекшіге үздіксіз ақпарат беріп отырды. Оның шұғыл жағдайда дұрыс шешім қабылдауы, күштерді нақты үйлестіре білуі және жедел әрекет етуі нәтижесінде трансформатордан тараған жалынның зауыттың басқа ғимараттарына өту қаупі қысқа мерзім ішінде жойылып, өрт толық ауыздықталды.

Диспечер маман Айдана Айтпаеваның айтуынша, орталықта мұндай есте қалған ерекше оқиғалар жетерлік.

Көмек қажет етпейтін себептермен жасалған қоңыраулар нағыз төтенше жағдай кезінде дер кезінде әрекет етуге кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай кезде әр секунд маңызды екенін ескере отырып мамандар тұрғындарды «101» және «112» желілеріне тек шынайы қауіп-қатер туындағанда ғана жүгінуге шақырады.

Жоспарлау және жедел басқару орталығының тыныс-тіршілігіне үңіле отырып, бұл салада жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті қажет ететінін байқадық. Қауіп-қатерге толы сәттерде тез әрі дұрыс шешім қабылдай білу мамандардың күнделікті дағдысына айналған. Адам қауіпсіздігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі сөзсіз құрметке лайық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ