Күллі қазақтың ортақ шаңырағы
Астана – еліміздің жүрегі. Жастарды болашаққа бастайтын бас қала аз уақытта өнер, білім және мәдениеттің, ғылымның ордасына айналды.
Мен алғаш рет Астанаға келгенде, оның әсем ғимараттарына, кең көшелеріне, заманауи сәулетіне таң қалған едім. Бірақ одан да әсерлісі – адамдардың мейірімділігі мен жүрегінің жылылығы болды.
Бұл шаһар бейбітшілік пен келісімнің символы. Қалада түрлі мәдениет пен дәстүр ұштасып жатыр. «Бейбітшілік пен келісім» сарайы – соның айқын дәлелі. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қаланың әр тұрғыны елеулі үлес қосуда. Бас қаланың әлемдік мегаполистер арасында сенімді және лайықты орын алғаны көңіл қуантады. Бұл шаһар халықаралық брендке, саяси, іскерлік және мәдени белсенділік орталығына айналып отыр.
Прогрессивті, қарқынды дамып келе жатқан қала ұлттық колорит, сәулеттік, сондай-ақ цифрлық сервистер мен технологиялық шешімдердің жоғары деңгейімен сәтті үйлеседі.
Астананы көрген сайын еліміздің кез келген тұрғынының көкірегінде мақтаныш сезімі ұялап, Отанға деген сүйіспеншілігі арта түсері сөзсіз. Мен Қазақстанды, оның ішінде Астананы мақтан етемін. Бұл қала маған болашаққа сенім мен үміт сыйлайды. Астана – барша қазақстандықтардың ортақ шаңырағы болғандықтан көркейіп, дамып келе жатқаны жанға шуақ сыйлайды.
Хамида ТУРДЫЕВА,
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық
бірлестігі төрағасының орынбасары