Тәуелсіз Қазақстанның тірегі
Елімізде 6 шілде Астана күні ретінде аталып өтеді. Астанамыз қысқа уақыт ішінде терең тарихы мен бай мәдениеті қалыптасқан, ерекше рухы бар қалаға айналды. Еліміздің жүрегіне айналған елорда бүгінде тәуелсіз Қазақстанның тірегі, жаңғыру мен жарқын болашақтың символы саналады.
Астана – әкімшілік және саяси орталық қана емес, Қазақстанның мәдени өмірі қайнап жатқан рухани жүрегі. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың қатысуымен ауқымды халықаралық мәдени іс-шаралар, фестивальдар, көрмелер мен концерттер өтеді. Елордада өтіп жатқан халықаралық форумдар мен съездер оның жаһандық диалог пен ынтымақтастықтың маңызды орталығы екенінің айқын дәлелі.
Облыстық мәдениет және архивтер басқармасының басшысы ретінде іссапармен Астана қаласында бірнеше рет болдым.
Облысымыздың Астана қаласында өткен мәдени күндері туралы естеліктер өте әсерлі. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында елордамызға 30 жүк тиелген түйе мен бота жетелеген өнерпаздар, 46 атты қыз-бозбала бастаған «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан Астанаға тарту» атты этно-мәдени керуенін ұйымдастырдық. Тарихи мекен Тараздан арайлы Астанаға 65 күн жүріп жеткен керуен жол бойы 10 бекетке аялдап, онда ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін көрсетіп, керуенмен келген өнерпаздар мен спорт шеберлері 26-31 шілде күндері Жамбыл облысының мәдени күндерін өткізген едік.
Астанаға арналған ақын, сазгерлердің ән-жырлары қатарында танымал ақын Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған «Жаса, мәңгі Астана» атты әнім мәдениет күндеріне өткен гала-концертте шырқалған еді.
Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қысқа ғана тарихи кезең ішінде елордамыз саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталығына, серпінді дамып келе жатқан Қазақстанның символына, көпұлтты және көпконфессиялы еліміздің достығы мен бірлігінің кепіліне айналды.
Асыл армандар мен биік мақсаттар тоғысқан Астана – жастар қаласы, болашақтың қаласы. Олай болса, елордамыз күннен-күнге көркейіп, ұлы идеялар мен тың шешімдердің, білімді де білікті жастардың ордасына айнала берсін! Астана күні құтты болсын, құрметті қазақстандықтар!
Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ,
облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы