Әлеумет

Түлектер ерекше тарту жасады

Домбыра – ұлтымыздың жүрек үні, көңіл сыры. Екі ішекті қоңыр үнді домбыра, бүкіл бір халықтың тіршілік болмысын көз алдына жайып салады. Киелі егіз ішек – екі дүние философиясы. Бұ дүние мен о дүние, шаттық, қуаныш пен мұң, жақсылық пен жамандық, сұлулық пен сұрықсыздық, аспан мен жер, күн мен түн, ақ пен қара...

Ұлтымыздың жүріп өткен жолындағы бүкіл тыныс-тіршілігі, қайғы-қасіреті, мұң-шері, аңсар-арманы мен қуанышы осы қара домбыраның шанағында қатталған. Сондықтан да ешқашан құнын жоғалтпаған және жоғалтпайтын киелі аспабымызды кез келген ұлтын сүйген ұлағатты ұрпақ қастерлей біледі. Оған дәлел Талас ауданы, Ойық ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы мектептен түлеп ұшқан түлектердің жасаған тарту-таралғысы.

«Адамның кіндік қаны тамған жерге, Маңдайының тері де таму керек екенін» жақсы түсінген жиырма жылдық түлектер ауылдық мәдениет үйінің алдына еңселі домбыраның ескерткішін орнатып, көптің алғысын арқалады.

Жалпы Қазақстан бойынша ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында қойылған бірнеше ескерткіш бар. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе қаласында темірден құйылған домбыра ескерткіші ашылған болатын. Ескерткіштің биіктігі – 6,30 метр, ені – 1,40 метр, шанағы – 2,5 метр, ал мойны 4 метр шамасында. Домбыра ескерткіші 12 перне, қос ішекті болып келеді. Домбыраның үкісіне дейін ұмыт қалмаған. Ескерткіш авторы Қуатбек Есжановтың айтуынша, музыкалық аспаптың барлық заңдылықтары сақталған.

2019 жылы көкшетаулықтар да домбыраға ескерткіш орнатты. Тұғырымен қосқанда биіктігі 12 метр жуықтайтын инсталляция бетон-металл конструкциясынан жасалған

Ал түлектер тарту еткен домбыра ескерткішінің биіктігі 13 метр болса, салмағы 1,3 тоннаға дейін жетеді екен.

Домбыра тек музыкалық аспап қана емес, тәрбиенің де біден-бір құралы. Жастайынан домбыра ұстаған бала еңбекқор, отансүйгіш, өнерге де жақын болып өседі. Сол себепті де домбыраның сарыны ұрпақтан ұрпаққа жетіп, әр қазақтың жүрегінен орын алуы тиіс.

Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
Талас ауданы