Мәдениет

Әбдімомын әлеміне бойлататын туынды

Шексіз әлем кеңістігіне иелік ету құдіретіне ие болмаса да өзінің ішкі әлемін бағындыру арқылы аты шартарапқа тарайтын адамдар болады. Біз сондай жандарды қайраткер, тұлға, азамат деп бағамдап және солардың әлеміне бойлағымыз келіп тұрады. Бір өзі бір әлем болу үшін адамға тума талант, боямасыз болмыс, табанды еңбек пен саналы көзқарас керек-ау. Міне осы айтылған қасиеттердің үдесінен шыға білген «Әбдімомын әлемі» деген екі ауыз сөздің өзі тұла бойыңа рух береді. Ал, осы сөздің астарына үлкен дүниені сыйғызып, танымды тұлғаны танытатын кітап жазу – ескірмейтін, жылдар озған сайын құндылығы арта түсетін ескерткіштен тұғыр орнату деп білемін.

Әрине мұндай бақыт екінің бірінің қолынан келіп, уысына түсе бермейді. Ұлттық домбыра күні қарсаңында Шу аудандық мәдениет үйінде күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Достық», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің Құрметті профессоры болған Әбдімомын Желдібаевтың бекзат болмысынан сыр ақтаратын белгілі журналист Ахметжан Қосақовтың «Әбдімомын әлемі» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тағылымы мен тәлімі мол іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Ержан Өмірәлиев, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің, мекемелердің қызметкерлері, дәулескер күйшінің жақын туыстары, жергілікті тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Журналистер одағының мүшесі Ахметжан Қосақов кітап жазудағы қиындықтарды, туындының жарыққа шығуына үлес қосып, қолдау көрсеткен азаматтарды да атап өтті. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы Ахметжан Ақбұқаұлының иығына шапан жапты.

«Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленген, өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі бейнеленген кітапты қолына алған жұртшылықтың жанарынан абыз күйшіні шын сағынғандығы аңғарылды. Бір кездері белгілі жазушы Әлдихан Қалдыбаев: «Бүгінде Әбекең туралы жазу қиын. Әбекең ән-күй жазуға алғаш ден қойған кезде мен «Тұла бойы тұнған күй» атты очерк жазғанмын, оңай жазғанмын. Әбекең ол кезде «көз көріп, қолға ұстайтын жерде» еді, қазір ол – үлкен әлем» деген екен.

Шын мәнінде Әбдімомын әлеміне бойлатар тың туындыны өмірге алып келген Ахметжан Қосақовтың еңбегі ерен екені айдан анық.

Кітаптың тұсаукесерінен соң жиналған жұртшылық Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филормония өнерпаздарының «Саз серісі – Әбдімомын» атты концерттік бағдарламасын тамашалады.

Айғаным АСҚАРБЕК,
журналист,
Шу ауданы,