Жол картасы оң өзгерістерге жол ашады
Жуырда «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуға Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрым, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев және басқарма басшылары қатысты.
Алдымен «AMANAT» партиясының облыс бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасындағы 2025 жылғы көрсеткіштердің 6 айда орындалуы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың баяндамасы тыңдалды.
Жалпы жол картасында 103 көрсеткіш болса, биыл 78-інің орындалуы қарастырылған. Бүгінгі таңда 11-і толық орындалған. Ал 46 көрсеткіш бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Қалған көрсеткіштердің жыл соңына дейін жүзеге асырылуы жоспарланған.
Жиын барысында инфрақұрылымды дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік нысандар салу, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм және халықты жұмыспен қамту бағыттарында атқарылған жұмыстар да талқыланды.
Сонымен қатар фракция отырысында облыстық мәслихаттың депутаттары Ерұлан Мағзымбеков, Андрей Савченко және Эльмира Қойлыбаеваның есептері тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов өз сөзінде:
«Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарын партиялық бақылауда ұстау – басты міндетіміз. Осы ретте фракция мүшелерін, партиялық бақылау комиссиясы мен партия белсенділерін кеңінен жұмылдырып, тұрақты мониторинг жүргізу қажет», – деді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ