Жаңалықтар

"Қазпошта" атын жамылған алаяқтар көбейіп барады: полицейлер ескерту жасады

Жамбыл облысында телефон арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті, деп хабарлайды arainfo.kz Жамбыл облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қаскүнемдер өзін Қазпошта қызметкерлері ретінде таныстырып, тұрғындарға сәлемдеме жеткізу сылтауымен қоңырау шалып, жеке деректер мен SMS арқылы келген кодтарды атауды сұрайды.

Алаяқтардың әрекет схемасы мынадай: олар азаматтарға хабарласып, «сәлемдеме келді» деген желеумен мекенжайды нақтылауды өтінеді. Артынша 1414 нөмірінен келген SMS-хабарламадағы кодты «қабылдауды растау үшін» атауды сұрайды. Іс жүзінде бұл — банк операциясын не жеке кабинетке кіруді растауға арналған бір реттік код. Мұндай ақпаратты иемденген алаяқтар жәбірленушінің шотына кіріп, рұқсатсыз қаржылық операциялар жасайды.

Жамбыл облысы полиция департаменті тұрғындарды қырағы болуға шақырып, келесі сақтық шараларын ескеруді сұрайды:

Банк картаңыздың деректерін және SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеңіз;

Күдікті сілтемелерге өтпеңіз;

Сәлемдемелер туралы ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеріңіз — Қазпоштаның мобильді қосымшасы, www.kazpost.kz ресми сайты немесе 1499 байланыс нөмірі.

Мамандардың айтуынша, осындай алаяқтық әрекеттерге көбінесе зейнеткерлер мен онлайн сауда жасайтын азаматтар тап болады. Сондықтан кез келген күмәнді қоңырауға немесе хабарламаға мұқият қарау қажет.

Жеке мәліметтеріңізді құпия сақтаңыз және сақ болыңыз — қауіпсіздік сіздің санаңыздан басталады.