Сенат Төрағасы Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесті
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысының мәслихат депутаттарымен және жергілікті жұртшылықпен кездесті,деп хабарлайды arainfo.kz
Күн тәртібінде Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мәселелері және өңірлердің әлеуетін арттыруға ықпал ету бағытында мәслихаттармен бірлескен жұмыстың жаңа басымдықтары талқыланды. Палата Спикері облыс аудандарына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысымен де танысты. Сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік орындары мен Тараздағы облыстық әлеуметтік оңалту орталығында болды.
Мәулен Әшімбаев облыстың мәслихат депутаттарымен кездесуде Мемлекет басшысы бастамашы болған реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз ету үшін Палата мен жергілікті өкілді органдардың өзара іс-қимылын одан әрі арттыру маңызды екенін атап өтті. Ел Президенті өзінің Жолдауында және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында облыстарды өркендету, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту үшін тиісті жағдай жасау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Сенат Төрағасы атап өткендей, Жамбыл облысы – қазіргі таңда экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің бірі. Аймақтың осындайәлеуетін белсенді іске асыру жолында депутаттар мен жұртшылық бірлесіп күш жұмылдыруға тиіс. Бұл ретте өнеркәсіптік өндірісті ұлғайтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған тетіктер мен жобалар айрықша мәнге ие.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат заң шығару қызметіне мәслихат депутаттарын белсенді жұмылдыруға және өңірлердегі өзекті проблемаларды шешуге жәрдемдесуге баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті. Осыған байланысты Палата жергілікті өкілді органдармен бірнеше бағыттағы тығыз жұмысты әрі қарайжалғастыра береді. Сенат Төрағасы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту үшін ортақ күш-жігер мен кешенді тәсілдерді қажет ететін алдағы негізгі міндеттерге де тоқталып өтті.