Алматыда бұрынғы вице-министр мен лауазымды тұлғалар пара ісі бойынша ұсталды
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты ірі көлемде пара беру және алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды arainfo.kz
Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге қажетті ақпараттық қызметтер көрсету кезінде өз мүдделерін өткізу мақсатында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшылығына жүйелі түрде заңсыз сыйақылар бергені анықталды.
2025 жылғы 28 маусымда Алматы қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел-іздестіру шаралары барысында 75 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру сәтінде бірнеше адамды ұстады. Олардың қатарында:
- Р.Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры;
- А.Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы, бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі;
- Д.Арғандыков – осы орталықтың бұрынғы басшысы, сондай-ақ бұрынғы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі бар.
Агенттік ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлім етті.