Сауатты жарнама – қала келбеті
Жарнама – бүгінгі заманда пайда табудың, танымал болудың басты нысаны болып тұрғаны шындық. Қала көшелерінде ілініп тұратын орысша, қазақша, үлкенді-кішілі, қызылды-жасылды жарнамалар адам назарын еріксіз өзіне аудартады.
Жарнаманы бәрі ілуін іледі-ау, бірақ мән бере бермейтін тұстары да бар. Ол әрине, оның бірінші кезекте мемлекеттік тілде сауатты жазылуы. Заң тұрғысынан алып қарасақ та «Тіл туралы» Заңда ережесі бекітіліп, үлгісімен анық көрсетіп қойған. Алайда, мән беріп қарамайтындары қаншама?
Жарнамалар көбінде екі тілде ілінгенімен, қазақ тіліндегісінде қателер көп кездесіп жатады. Кейде тек орыс тілінде ғана іліп қоятындарын да көріп жатамыз. Менің ойымша, бұл сауатсыздық және мемлекеттік тілге, ұлтқа деген құрметтің жоқтығы деп білемін. Мұндай ұятты нәрсеге тап болмау үшін жарнама беретін мекеменің басшысы сауатты маманға жүгінсе екен деймін. Біріншіден, өз кәсібінің пайдасы, екіншіден тіліміздің абыройы. Себебі, сырттан қандай да бір қонақтар, шетелдіктер келсе, көзі бірінші қала көшелеріндегі жарнамаға түсетіні сөзсіз.
Әсіресе, шетелдіктер өзінің қай елде жүргенін сезінуі үшін де жарнамалардың мемлекеттік тілде жазылуы маңызды дүние. Мемлекеттік тілде жазылса болды демей, оның сауатты жазылуына, аударылуына да назар аударуч тиіс. Бүгінде көп қателіктер аударма ісінде кездесіп жатыр. Бұл – өзге тілден тікелей қандайда бір құрылғылардың көмегімен аудара салудың салдары.
Қатесіз жарнама – қаламыздың да, еліміздің де көркі. Әрбір жарнаманың артында мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің тұрғанын естен шығармаған жөн. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, сіздің жұмысыңыздың артында бір ұлттың абыройы тұрғанын естен шығармаған абзал.
Біздің тіліміздің өмір сүруі үшін де мұның маңызы зор. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқандай, кәсіп етсек те тіліміздің жойылып кетпеуін ойлайық. Бас пайдамызды арттырамыз деп тіліміздің абыройын, ұлтымыздың беделін төмендетіп алмайық.
Ерлан КЕРІМЖАНҰЛЫ,
Әлихан Бөкейханов атындағы
№1 гимназияның қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Тараз қаласы