Әлеумет

Құбыжық ойыншыққа құмартқандар артуда

Қазіргі кезде жаһандық деңгейде ерекше назарға іліккен қытайлық құбыжық ойыншық – Лабубуға сұраныс күннен-күнге артып келеді. Әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларда кеңінен таралып, балалар мен жасөспірімдер арасында аса танымал трендке айналды. Бұл ойыншықтың өзіндік ерекше дизайны мен жұмбақ кейпі балалардың қызығушылығын арттыруда.

Лабубу – алғаш рет қытайлық Pop Mart компаниясының желісі арқылы танымал болған коллекциялық ойыншық кейіпкері. Лабубу ойыншығы алғаш рет 2015 жылы шыққанымен, нарықта танымалдыққа биыл ғана ие болды. Бір қарағанда сүйкімді болғанымен, аздап үрей тудыратынын жасырмаймыз. Үлкен көзі, тістері және ерекше мимикасы оның қытайлық дәстүрлі ойыншықтардан мүлде өзгеше екенін көрсетеді. Кейбіреулер оны сүйкімді деп қабылдаса, енді біреулер түсініксіз бейне ретінде бағалайды. Десе де дәл осы «ерекшелігі» оның танымал болуына үлкен әсер етуде.

Қазіргі таңда Лабубу ойыншығының бағасы әртүрлі. Түпнұсқасы мен көшірме түрінің бағасы жер мен көктей. Базар сөрелерінде қарапайым нұсқалары 2 мыңнан 5 мың теңгеге дейін сатылса, шетелден арнайы әкелінген «оригинал» ойыншықтардың құны 60 мыңнан бастап 190 мың теңгеге дейін жетеді. Деректерге сүйенсек, тек мамыр айында ғана «Labubu» сөзі бойынша іздеу саны миллионнан асқан. Ал маусым айының басында бұл ойыншық туралы ақпарат күніне 100 мыңнан астам рет сұратылған.

Сондай-ақ маман баланың мұндай ойыншықтарға қызығушылығы кейде үйде көрген қатаң тәртіптен, ата-ананың үнемі сынауынан туындауы мүмкін екенін ескертеді. Егер ата-ана баланың қылығын емес, өзін сынай берсе, бала өзін «жаманмын», «ешкімге ұнамаймын» деп ойлап, сондай бейнеге ұқсауға тырысады. Сол себепті ата-аналарға баласының жеке болмысын бағалап, түсіністікпен қарауға кеңес береді.

Қыздарының сұрауымен Лабубуды сатып алған Айғаным Жаппарова да аты шулы ойыншық туралы өз оқиғасын баяндап берді.

Ата-аналар бұл ретте тек баланың қалауына ғана емес, оның ойыншықпен қалай ойнайтынына, сезіміне және психологиялық жай-күйіне мән бергені дұрыс. Себебі ойыншық – тек көңіл көтерудің құралы емес, ол баланың ойлау, сезіну және өзін-өзі тану қабілетіне тікелей әсер ететін құрал. Сондықтан Лабубу сияқты ойыншықтармен баланың ойынына бақылау жасап, қажет кезде бағыт беріп отырған абзал.

Сымбат ҚУАНЫШ