Әлеумет

Химия индустриясын дамытудағы маңызды қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы елімізде үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырған еді. «Жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Кейінгі уақытта елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте еліміздің батысында техникалық университеттердің екі филиалы ашылуға тиіс», деген болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жоғары білім саласында бірқатар келісімшарт жасалып, тиімді серіктестік орнады.

Қазіргі кезде ел экономикасын дамытуда ғылымның үлесі зор. Сол себепті ел Президенті саланы ілгерілетуге баса мән беру керек екенін ескертіп, Ғылым және жоғары білім министрлігіне тиісті тапсырмалар бергені есімізде. Солардың бірі – академиялық білімді жетілдіру мақсатында елімізде алдыңғы қатарлы шетелдік университеттердің филиалын ашу.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті – Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық пен қос диплом бағдарламасын іске асыру туралы үшжақты келісімге қол қойған болатын. Осылайша өткен жылдың қарашасында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы салтанатты түрде ашылды.

Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы құрылған филиалы Қазақстанның фосфор минералды тыңайтқыштарын өндіру бойынша индустриялық әріптес-көшбасшысы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен химиялық инженерия және өнеркәсіп саласында жоғары білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«QS Quacquarelli Symonds» жоғары білім саласындағы халықаралық талдау агенттігінің мәліметінше, бұл университет Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка елдерінің ең үздік 150 университетінің қатарына кіреді. Химия бағыты бойынша тұрақты түрде Ресейдің ТОП-10 жоғарғы оқу орындары арасында көш бастап келеді. Университет алғаш рет бұл рейтингке 2016 жылы енген және содан бері үздік көрсеткіштерін сақтап отыр.

Химия индустриясын дамытудағы маңызды қадам жемісін берді дей алмаспын. Дегенмен егер Президент берген тапсырмалар шеңберінде қолға алынған жұмыстар осы қарқында жалғаса жуық жылда оң нәтижесін көретініміз анық.

Сымбат ҚУАНЫШ