Әлеумет

Ана сүті – дені сау ұрпақ кепілі

Жаңа туған нәрестенің қорегі ана сүті болуы маңызды. Табиғи емшек сүтімен емізу – бұл жаңа туған нәрестелер үшін ең жақсы тамақтану ғана емес, сонымен қатар аурудың алдын алудың күшті құралы. Мамандардың айтуынша, емшек сүтімен емізу – бес жасқа дейінгі 820 мың баланың өмірін сақтап қалуға көмектеседі екен.

Қазақтың бағзыдан келе жатқан жөн-жоралғысын еске алар болсақ, жас ана бала емізу сәтіне ерекше көңіл бөлген. Нәрестені жамандықтан қорғап, «адал азамат болып өссін» деген ниетпен емізер сәтте міндетті түрде басына жаулық тағып, дәрет алған. Оған дәлел Зере ананың Құнанбайды нәресте кезінде омырауын жумай, тазалап сүртпей, дәретін алмай емізбегені. Зеренің өзі: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, «бісмілла» айтпай емізген мезгілім болған жоқ. Олай істемесем, сүтім арам болады, адал ақ сүт емген баламның бойы да, ойы да адал болады» деп зерделі ой түйген. Сол Зере ана айтқан адалдық пен парасаттылықтың айқын белгісіндей Алаштың арда азаматы Құнанбай туса, одан ұлы Абай өмірге келген.

Емшек сүтімен тамақтандыру – баланың дұрыс өсіп-жетілуіне ықпал ететін аса маңызды кезең. Дәрігер кеңесі бойынша сүт бездерін, әсіресе емшек ұшын баланы емізер алдында ұдайы қайнаған сумен сабындап жуу керек. Оны тітіркендірмес үшін балалар сабынын пайдаланған дұрыс. Дезинфекциялайтын өте күшті сұйық затты пайдалануға болмайды, өйткені ол емшек ұшын тітіркендіреді. Ал, жуу үшін бір бөлек мақтаны сулап, омыраудың ұшын және оның айналасын жақсылап сүрту керек. Баланы емізер алдында қолды міндетті түрде жылы сумен сабындап отыру керек.

Ана мен бала бір-бірінің даусын естімейтін арақашықтықта болса да, баласының жылағанын анасының сезіп қоюы жиі кездеседі. Сондай сәтте ана омырауынан өзінен-өзі мөлшерден тыс сүт ағып, иіп кетеді. Ең жақын екі адамның арасында көзге көрінбейтін ерекше ыстық ықылас осылай сезіледі. Сондықтан, бала анасының омырауын аузына салып, бүлкілдете еміп жатқанда ананың тұла бойы шымырлап, еміреніп, елжіреп кетеді.

Негізі тағы бір ескеретін жайт, ана сүтінің жеткілікті болуы үшін жүктіліктің соңғы аптасынан бастап болашақ ана өзін-өзі психо-эмоционалдық дайындау керектігін жиі естіп жатамыз. Яғни өзінің ана болатыны, сәбиді тек ана сүтімен қоректендіру керектігі, бәрінен бұрын сәбиінің денсаулығы өзіне қажет, ана сүтінің бала үшін өте маңызды, сәбиі әлемдегі ең қымбат жан, сәбиімен бақытты екенін сезінуі маңызды.

Сондықтан әр әйел өзін өзі жігерлендіріп, шабыт беруі қажет. Ол үшін оның миында «Мен баламды дұрыстап еміземін! Мен әлемдегі ең жақсы анамын. Менен сүт шығады, баламды тойдыра аламын» деп іштей де, дауыстап та айтуы керек. Сонымен қатар стрестерден барынша аулақ болуы тиіс. Себебі стрес барлық ішкі жақсы эмоцияны, қажеттілікті тежейді. Ол өз кезегінде сүттің жиналуына әсер етеді.

Емізу процесі ана мен баланы бір-біріне жақындата түсумен қатар, сәби денсаулығына өте пайдалы. Ақуыз, май, көмірсу, дәруменнің бәрі ана сүтінде. Оның үстіне, ана сүті нәрестені инфекциялардан қорғайды. Ал, ең бастысы – жұдырықтай бала жүрегі ана құшағында өзін қауіпсіз сезінеді. Сондықтан сәбидің ана сүтімен қоректенгені маңызды.

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ