Жастар

Әдебиет пен IT-саланы ұштастырған өрен

Технологияның мүмкіндігі күн санап артып, ІТ-сала басты сұранысқа ие болған өтпелі кезеңде әдебиетке жақын жастар сирей бастағандай көрінеді. Дегенмен, өлең-жырға жаны құмар жастар аз емес. Солардың бірі – Меркі ауданы, Мақсұт Досбаев атындағы №14 жалпы орта білім беретін мектептің түлегі Диас Жолшыбек.

Диас – қазақы сөздің қадірін біліп, тарихтың тереңінен тамыр тартқан, ұлттық құндылықты ұлықтауға ниетті жас өрен. Оның әдебиетке деген махаббаты алтыншы сыныпта Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесін оқығанда оянған. Сол шығармадан алған алғашқы әсер балалық санасына ұмытылмастай із қалдырады. Содан бері классик жазушылардың туындыларын үзбей оқып келеді.

Диас шығармашылық қабілетін де ерте байқатқан. Өлең де, әңгіме де жазады. Республикалық «Super bala» журналына екі өлеңі жарияланып, жас қаламгер ретінде мойындалып та үлгерген. Әзірге «Әжемнің ұмытылмас үні» және «Өмір бумеранг» атты екі әңгімесі бар.

Жас таланттың мектеп қабырғасында оқып жүріп жеткен жетістіктері де аз емес. Биыл республикалық «Қадыр оқулары» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленген. Сол секілді осы жылы Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен ұйымдастырылған І Жас зерттеушілер форумына қатысып, ғылымға бейім жастардың қатарынан табылды. Ғылымды мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттап, олардың зерттеушілік қызығушылығын оятуды көздеген бұл форумда Диас қазақ халқының табақ тарту дәстүрі туралы тың пікір ұсынып, ұлттық болмыстың терең иірімдерін ғылыми тұрғыдан зерделеуге тырысты. Дәстүр мен ділге құрметпен қараған еңбегі мен ерекше белсенділігі үшін академия атынан алғыс хатпен марапатталды.

Сонымен қатар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық өнер жобалар конкурсының этно-мәдениеттану секциясында І дәрежелі диплом мен алтын медаль жеңіп алып, Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы өңірлік университеттің 100 пайыздық білім грантын еншіледі. Жақында ғана мектепті тәмамдаған түлек үшін бұл – үлкен мүмкіндік.

Әсіресе автордың «Отырар дастаны», «Нарынқұм зауалы», «Ел тілегі» сияқты поэмалары жас түлектің ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық сана-сезімін тереңдетуге ықпал еткен. Жуырда облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы дарынды 132 оқушыны қабылдаған болатын. Диас дарынды оқушылардың атынан сөз сөйлеу мәртебесіне ие болды. Мұндай жетістікке жету үшін бір күн немесе бір ай емес, бірнеше жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, табандылық таныту қажет. Сол кездесуде ол дарынды оқушыларға көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын ерекше атап, облыс басшысына алғысын білдірді. Өзге өңірлерде мұндай мүмкіндік жиі кездесе бермейтінін айтып, дәл осындай құрметтің жас таланттарға қанат бітіретінін ерекше тебіреніспен жеткізді.

Кейіпкеріміз заманауи технологияны да еркін меңгеріп, ІТ-салаға үлкен қызығушылық танытып жүр. Қазіргі ғасыр – ақпарат пен цифрлық даму заманы екенін жақсы түсінетін жас түлек бұл бағыттағы білімін шығармашылықпен ұштастыра біледі. Республикалық ғылыми жобалар байқауында әзірлеген «Киелі табақ» атты веб-платформасы – соның дәлелі. Бұл сайт ұлттық құндылықтарды, ұмытылып бара жатқан дәстүрлер мен рухани мұраны заманауи құралдар арқылы жастарға жаңаша жеткізуді мақсат етеді. Салт-дәстүр, қазақы ұғымдар мен тәрбиелік мәні зор тақырыптар цифрлы кеңістікте жаңғырып, жастардың санасына сіңіріледі.

Диас үшін ІТ-сала мен әдебиет бірін-бірі толықтырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ол әдебиеттің болашағы тек кітап бетімен шектеліп қалмауы керек деп санайды. Әдеби шығармаларды комикс форматында ұсыну, 3D модельдер арқылы тарихи бейнелерді тірілту, кейіпкерлер әлемін анимациялық түрде елестету сынды тәсілдер жас ұрпақтың қызығушылығын арттырып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін оята алады. Осылайша, технологияны игере отырып, руханиятқа қызмет етудің үлгісін көрсетіп келеді.

Дарынды өреннің ғылымға деген ынтасын оятып, әр бастамасына бағыт-бағдар беріп жүрген ұстазы – Алтынай Жүндібаева. Жетекшісі оқушысының ізденісіне үнемі қолдау көрсетіп, шығармашылық тұрғыдан еркін ойлауына мүмкіндік жасаған.

Білімпаз жас болашақта өзін педагогика саласынан көреді. Бала оқытып, шәкірт тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік екенін жақсы түсінеді.

Саналы ұстанымы, ұлттық болмысты ұлықтаған көзқарасы, әдебиет пен технологияны ұштастырған ізденісі бар түлектің болашағы жарқын боларына сенім мол.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ