Жастар

Көп тіл білу – көп мүмкіндік

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген халқымыздың дана сөзі көп тіл білу адамның таным көкжиегін кеңейтіп, әлемге ашық болуға мүмкіндік беретінін меңзейді. Бүгінде ағылшын тілі – жаһандық деңгейде қарым-қатынас құралына айналған әмбебап тіл. Халықаралық аренадағы рөлі күн санап артып келеді.

Сондықтан мектеп жасынан бастап ағылшын тілін меңгерту – білім саласындағы басты басымдықтардың бірі. Бұл пәнді ерте жастан игерген оқушы шет тілінде еркін ойлай алуға, дүниетанымын кеңейтуге және сапалы білім алуға ұмтылады. Оқушыларды дәл осындай терең білім мен тілге деген қызығушылыққа баулып жүрген ұстаздардың бірі – Нұрлыбек Якияев.

Нұрлыбек Ерболұлы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында туып-өскен. Бала кезінен қазақ тілі, ағылшын тілі, география және сурет пәндеріне ерекше қызығушылық танытқан кейіпкеріміз бүгінгі таңда бірнеше тілді еркін меңгеріп, білім-ғылым жолында еңбек етуде. Қазіргі сәтте М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінде деканның ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, әрі «Әлем тілдері» кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарып жүр.

Нақтырақ айтқанда, Чехияның Злин қаласындағы Томас Бата университетінде білім алып, сол елдің білім беру жүйесінің артықшылықтарын, заманауи әдіс-тәсілдерін өз көзімен көреді. Ондағы оқыту тәсілдерінің нақтылығы, өмірмен байланысы және шығармашылыққа жетелеуі – Нұрлыбектің педагог ретіндегі көзқарасына үлкен әсер етеді. Нұрлыбекте шетелде қалудың мүмкіндігі болғанымен, елімізге қайта оралған.

Қазіргі таңда Нұрлыбек жоғары оқу орнында студенттермен тікелей жұмыс істеп, олардың бойына білім ғана емес, сенім, батылдық, өмірлік құндылықтарды сіңіруге тырысып келеді. Аудиторияда жағымды атмосфера қалыптастыруды және студенттердің көңіл күйіне ерекше назар аударуды басты қағида санайды. Өйткені жас ұрпақпен тіл табыса білу – кез келген ұстаздың табысының кілті. Оның пікірінше, әрбір адам – ашылмаған кітап, ал ұстаз – сол кітаптың алғашқы парағын ашатын тұлға.

Испан, неміс, орыс, чех тілдерін жетік меңгерген педагог тіл үйрену барысында мотивацияны сақтап қалу үшін ең алдымен табандылық керек екенін айтады.

Жас ұстаз сабақ беру барысында сөздердің дұрыс дыбысталуы мен ойды еркін жеткізуге жағдай жасауды басты назарда ұстайды. Ағылшын тілін үйрену жолында студенттерге қосымша тапсырмалар ретінде ағылшын тіліндегі жаңалықтар көруді, подкасттар тыңдауды және кітаптар оқуды ұсынады. Себебі кітап оқу – сөздік қорды байытып қана қоймай, есте сақтау қабілетін де арттырады.

Сол секілді ол өз дәрістерінде диалогтық әдістер, презентациялар мен бейресми конференциялар секілді әдіс-тәсілдерді жиі қолданады. Бұл студенттердің ойлау қабілетін, сөздік қорын дамытуға әсер етіп, сенімділік пен белсенділікті арттырады.

Педагогтың айтуынша, бастауыш сынып оқушылары үшін тіл үйренудің ең тиімді жолы – сол тілдегі қысқа тақпақтарды жатқа айту. Оның пікірінше, бұл тәсіл балалардың жас ерекшеліктеріне сай сөздік қорын байытуға және тілге деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ жаңа сөздерді белгілі бір сала немесе тақырып аясында меңгеру де өте маңызды. Мысалы авиация, медицина, заң, табиғат құбылыстары мен ауылшаруашылығы өнімдері секілді нақты бағыттар арқылы оқушылардың ой-өрісі де кеңейе түседі.

Студенттердің шет тілі мамандығын таңдаудағы, яғни, меңгерудегі мақсаты әртүрлі. Соңғы уақытта көп студенттер ағылшын тілін меңгеріп, аудармашы болуды қалайды. Алайда жасанды интеллекттің дамуы бұл саланы алмастырып жібере ме деген сұрақ туындайды. Бұл жөнінде Нұрлыбек Ерболұлы жасанды интеллект қанша дамығанымен, адамның эмоциясын дәл жеткізе алмайтынын айтады. Ал шынайы аудармашының ерекшелігі – тек сөзді емес, сөйлеушінің ішкі толқынысын да қатар бере алуында дейді. Демек, аудармашы мамандығы ешқашан сұраныстан түспейді.

Айрықша атап өтерлігі, кейіпкеріміз жинақтаған тәжірибесін тарату мақсатында халықаралық, республикалық, қалалық, аймақтық және аудандық деңгейдегі шеберлік сыныптарын тұрақты өткізіп келеді. Білікті маманның әдістемелік ізденістері жас ұстаздар мен оқушылар үшін құнды құралға айналуда.

Жоғары оқу орнында білім сапасын арттыру мақсатында шетелдік мамандармен бірлесе жұмыс істеу – бүгінгі күннің талабы. Бұл бағытта Нұрлыбек Якияев АҚШ-тан келген Джейкоб есімді маманмен бір жыл бойы қызметтес болып, тіл маманы ретінде тәжірибесін жетілдірген. Сонымен қатар тіл мен пәнді кіріктіре оқыту бағытында түрлі шеберлік сабақтар ұйымдастырған. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу барысында ол жаңа мәдениет өкілі ретінде көптеген құндылықтарды бойына сіңіріп, кәсіби көзқарасын кеңейткен.

Осындай табандылық пен еңбек арқылы жетістікке жетіп, өзгеге бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаз – жастар үшін үлкен үлгі. Тек кәсіби жетістікпен ғана емес, адами қасиеттерімен де дараланып тұратын мұғалімдердің еңбегі – елдің келешегін қалыптастырады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ