Бақытты отбасының кілті – сыйластық
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бұл жерде түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы үйлесімділік пен бейбітшіліктің шағын көрінісі – Қордай ауылында тұратын Гайнутдиновтер отбасы. Олар түрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді үйлестіре отырып, сүйіспеншілік пен сыйластықтың үлгісін көрсетіп отыр.
Бұл отбасы – мәдениеттердің үйлесімі мен махаббаттың, татулық пен өзара құрметтің символы. Олар өзара түсіністіктің, ұлттық дәстүрлерге деген құрметтің, бейбіт өмір мен берік отбасы құндылықтарының үлгісін көрсетіп келеді.
Вячеслав пен Дидардың таныстығы Алматы қаласында басталған. Қарағанды облысының тумасы, сымбатты да еңбекқор Дидар Қазақ ұлттық университетінің асханасында кондитер болып жұмыс істеп жүрген. Ал қордайлық жігіт, ар-намысы биік, сабырлы Вячеслав сол жерде жүргізуші қызметін атқарған. Бір жерде еңбек ете жүріп, олардың арасында жылы сезім оянып, уақыт өте келе үлкен махаббатқа ұласқан. 2008 жылы қос ғашық ақ отау тігіп, өмірлерін бір арнаға тоғыстырды.
Олардың бұл қадамын екі жақтың ата-аналары да қуана қолдап, ақ баталарын берген. Бұл – екі жүректің ғана емес, екі мәдениеттің, екі отбасының бірлігі еді. Мұндай жарасымды одақтар арқылы еліміздегі этносаралық татулық пен сенім нығая түсуде.
Дидардың айтуынша, Вячеслав өзі де көпұлтты отбасында тәрбиеленген. Анасы – орыс, ал әкесі – татар ұлтынан. Сондықтан ол жастайынан түрлі дәстүр мен мәдениеттің тоғысқан ортасында өсіп, төзімділік пен сыйластықты бойына сіңіріп жетілген. Осы құндылықтарды бүгінгі күні өз шаңырағында да берік ұстанып, ұрпағына үлгі етіп отыр.
Бүгінде бұл жарасымды отбасы екі баланы тәрбиелеп отыр. Қызының есімін Аружан деп нағашылары қойса, ұлына Асхат есімін әкесі өзі таңдаған. Ұлттық болмысты, мәдени үндестікті сақтауға тырысқан олар балаларына да осы рухта тәрбие беріп келеді.
Гайнутдиновтер отбасы ұлттық болмысты ұлықтап қана қоймай, заманауи өмірдің талаптарына да бейімделген. Дидар Қордай ауданындағы наубайханалардың бірінде кондитер болып жұмыс істейді. Өз ісіне ұқыпты, тәтті тағамдар жасауды өнер деп білетін ол клиенттердің алғысына бөленіп жүрген маман. Ал Вячеслав – техниканы жетік меңгерген механик. Ол өз кәсібін дөңгелетіп, Қордайда шағын техникалық жөндеу орталығын ашқан. Күн сайын түрлі көліктерді жөндеп, ел игілігіне адал еңбек етіп жүрген азамат.
Вячеслав қазақ халқының мәдениетіне ерекше ықыласпен қарайды. Ол қазақтың ұлттық тағамдарын сүйсініп жейді, әсіресе ет пен Наурыз көжеге деген ықыласы ерекше. Мерекелерде Дидардың қолдан дайындалған тағамдарын мақтанышпен дастарханға қояды. Бұл – оның қазақ халқына деген құрметінің бір белгісі ғана емес, сонымен қатар махаббат пен құрметке негізделген отбасылық татулықтың да көрінісі.
Гайнутдиновтер отбасы – еліміздегі этносаралық үйлесімділік пен бірлік саясатының шағын көрінісі. Олар махаббат пен сыйластықтың шын мәніндегі бейнесі. Осындай отбасылар – қоғамның берік іргетасы, ел бірлігінің кепілі.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист,
Қордай ауданы