Қоғам

Биылғы жаз қатты ыстық болады

Ауа температурасының жоғарылап, күннің күрт ысуы Тараз қаласының тұрғындарына таңсық емес. Дегенмен биылғы ыстық тым ерекше. Осы орайда күннің ысуы мен жаз мезгілінің қалай болмағы туралы арнайы мамандармен тілдесіп, ауа райын болжаушылармен сұхбаттасып көрдік.

Жалпы жаз мезгілінің ыстық болуы заңдылық. Дегенмен осыдан 10-15 жыл бұрынғы мен қазіргі ауа райын салыстыруға келмейді. Олай дейтін себебіміз де бар. Мәселен бала күнімізде таң атқаннан қас қарайғанша көл басында болатынбыз. Ол кездің де ыстығы өз алдына ерекше еді. Қаншама сағат күн астында жүрсек те теріміздің түсіп, денеміздің күйгенін бірден байқай қоймайтынбыз. Біршама уақыт өткеннен кейін біліне бастайтын. Ал қазір 3-4 сағат күн астында жүрсеңіз, сол мезетте-ақ тұла бойың әлсіреп, күн тиген жердің бәрі қызарып қалады. Бұл мәселе адам баласын алаңдатары сөзсіз. Осы тұрғыда ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Бірі жер күнге жақындай түсуде десе, енді бірі озон қабатының жұқаруы немесе ашық алаңдардың пайда болуынан деп топшылауда.

Ал биылғы жаз мезгілі қалай болмақ?  Былтырғы жылға қарағанда биылғы жыл несімен ерекше?

Біз де болашақты болжап, табиғат заңдылығын түбегейлі зерттей алмасымыз белгілі. Алайда бұл тұрғыда арнайы мамандар жұмыс істеп, ауа райына болжам жасайтын «Қазгидромет» мекемесі бар. Олар ауа райына қысқа мерзімді болжамдар жасап, қауіпті және төтенше метеорологиялық құбылыстар туралы ескерту хабарламаларын таратады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының метеорологиялық болжау және байланыс бөлімінің басшысы Әсия Ермекбаева 2-3 шілде күндеріне ауа-райы болжамын айтып өтті.

Күннің ысу себептері мен қатар ауа райының болжамы, жаз мезгілінің қандай болмағы туралы бірқатар пікірлерді тыңдап көрдік. Күн ыстық болса да, салқын болса да барынша сақтанып жүргеніміз өзіміз үшін абзал екені анық.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ