Жамбыл жаңалықтары

Жуалылықтар инфрақұрылымның игілігін көруде

Бүгінде облысымызда халқы сапалы ауызсу тұтынбайтын, тұрғындары қыстыгүні көмір жағып, күл шығаратын, ойдым-ойдым автожолы мен күн батса қараңғылық құшағына енетін көшелері бар елді мекендер жоқтың қасы. Негізі тұрғындарды ауызсу, газ, жол секілді қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етпей тұрып, өркениет туралы сөз қозғау орынсыз. Сондықтан да елімізді инфрақұрылымдық дамытуға баса көңіл бөлініп, бүгінде облысымызда да осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда.

ТҰРҒЫНДАР КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Жуалы ауданы бойынша өткен жылы бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асса, ол шаруа биыл да жалғасын табуда. Былтыр Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарында кварталішілік газ тарту және магистральды желілерінің құрылысы жүргізіліпті. Жобаның жалпы құны 728 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар, Дарбаза мен Әбдіқадыр ауылдарында да газ жүйесін тарту жұмыстары атқарылуда. Жыл соңында аудандағы елді мекендердің барлығы да газбен қамтылмақ.

Аудан әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев бүгінде аудан орталығы ғана емес, шалғай ауылдарға дейін газ тарту ісі нәтижесін беріп отырғанын айтады. Әсіресе соңғы төрт-бес жылдың бедерінде бұл бағытта жұмыс қарқын алып, Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріндегі елді мекендердің барлығы дерлік табиғи газға қосылыпты. Таулы аймақтағы Боралдай ауылдық округіне қарасты Көлтоған, Ертай және Рысбек батыр ауылдарының тұрғындары көгілдір отынмен қауышып, сақылдаған сары аязда алаңдамайтын жағдайға жеткен екен. Кейінгі төрт-бес жылда аудандағы газ құбыры жоқ елді мекендер – Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың барлығына магистральды газ құбыры тартылған. 2022-2023 жылдары Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ тарту жұмыстары толықтай аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға беріліпті.

Билікөл ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Камбарбековтің айтуынша, округке қарасты 4 елді мекеннің ішінде газ кіріп жатқан Дарбаза ауылында 29 түтін, 129 тұрғын, Ал Әбдіқадыр ауылында 42 үй, 184 тұрғын бар екен.

 

ТҰРҒЫНДАР ТІРШІЛІК НӘРІНЕН ТАРЫҚПАЙДЫ

Аудандағы 49 елді мекеннің барлығы да ауызсумен қамтылыпты. Өткен жылы Пятиречка, Ақтөбе елді мекендері орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылыпты. Жоба құны 1,15 миллиард теңгені құрапты. Қарасу, Көктас, Күркіреусу, Амансай ауылдарына кешенді блок-модуль орнату арқылы су жеткізіліпті.

Сондай-ақ ескі және тозығы жеткен желілерді жаңарту жұмыстары Көлбастау, Күреңбел, Бақалы ауылдарында жүргізілген. Одан бөлек, «Жуалы су» мекемесі тұрақты түрде ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқаруда.

Таза ауызсу, көгілдір отын және жол мәселесі – тұрғындардың тұрмыс сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер. Бұл бағытта да нақты жобалар қолға алынған. Айталық, соңғы уақытта Күреңбел ауылында қолға алынған су жүйесін жаңарту жобасы халық үшін маңызды істің бірі. Құрылыс алаңында құбыр тарту, су желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүруде. Бірнеше кезеңнен тұратын жоба сәтімен жүзеге асса, ауылдың барлық аумағы тіршілік нәріне толықтай қосылады.

Жалпы бүгінде Жуалы ауданындағы елді мекендердің 95 пайыздан астамы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде.

Аудан бойынша мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 1 134 адам түрлі санаттар бойынша кезекте тұр. 2023 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға 36 арендалық пәтер сатып алу құқығынсыз беріліпті. Сонымен қатар ауданда 33 көпқабатты тұрғын үй болса, оның екеуі (2023 жылы салынған) мемлекеттік тұрғын үй қорында, қалған 31 үй жекеменшікте және жылу жүйелері өздерінің автономды пештері арқылы жылытып отыр екен. Көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесіне қатысты жұмыстар әзірге жоспарда жоқ.

Жуалы ауданында 2024 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының бюджеті есебінен қаржыландырылып, 5 қабатты 60 пәтерлі ірі панельді тұрғын үй құрылысы 909,6 миллион теңгеге сатып алыныпты. Құрылыс-монтажтау жұмыстарын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бұл жоба мемлекеттік қолдау негізінде тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі ретінде жүзеге асырылған. Алдағы уақытта ауданда осындай үлгідегі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылады деп күтілуде.

Азаматтарды тұрғын үй салуға арналған жер телімімен қамтамасыз ету Жуалы ауданында да күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Негізінде өз меншігіңе жер алып, шағын қосалқы шаруашылық жүргізу, бау-бақша өсіру, мал ұстау үйсіз-күйсіз жүргендер мен жас отбасылар үшін ең үлкен мүмкіндік.

Жер учаскесіне мұқтаж азаматтардың кезекке тұру жүйесі Жуалыда 2007 жылдан басталыпты. Қазіргі таңда кезекте тұрған азаматтар саны 6 892 адамды құраған. Мұны аудан халқының жерге деген сұранысы жоғары екенін көрсететін нақты дерек десек те болады. Өткен жылы осы азаматтардың ішінен 126 тұрғын жер телімімен қамтамасыз етілсе, биыл бұл бағытта тағы 106 азаматқа жер учаскесін беру жоспарланып отыр екен. Алайда кезекте тұрған барлық азаматтарды бірден жермен қамту мүмкін болмай отырған сыңайлы. Себебі кейбір ауылдық округтерде инфрақұрылым желілері толық жүргізілмеген. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар да кезең-кезеңімен шешімін табуда.

2024 жылы 1,1 миллиард теңгеге қаржыландырылған 40 жоба аясында 44,66 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. 2025 жылы 2,77 миллиард теңгеге 15 жобадан тұратын 42 шақырым жолға орта жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып, жүзеге асырылуда. Былтыр 48,965 миллион теңгеге 12,389 шақырым болатын 11 көше жарықтандырылыпты. Осы жылға көше жарығын орнату жоспары нақтыланып жатса керек.

Энергетика саласында да биыл ауданда бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылыпты. Атап айтқанда, Т.Дүйсебайұлы ауылында «Жамбыл-Жарық» мекемесінің инвестициялық бағдарламасы аясында 10 киловольттық әуе желісінің 1,4 шақырымы жаңартылып, бұрынғы №46 және №390 қосалқы стансалардың трансформаторлары 250 кВА қуаттылықтағы жаңа қосалқы стансаға алмастырылған. Сонымен қатар 0,4 киловольттық әуе желілерінің ағаш бағаналары ескіргендіктен темір-бетон бағаналарға ауыстырылып, желілер толықтай СИП-4 маркалы оқшауланған электр сымдарымен жаңартылыпты. Электр энергиясының сапасын арттырып, қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының тұрмысына тікелей әсер етуде. Бұрын дауыл тұрса болы бірден өшетін электр қуаты енді тұрақты берілмек. Бұл тұрғыда жеке тұрғын үйлердің ішкі желілеріне дейінгі сымдар мен электр есептегіштері де жаңартылыпты.

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА АУҚЫМДЫ ІС КӨП

2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде Бауыржан Момышұлы ауылының Жамбыл көшесі бұрылыстарымен бірге орташа жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар жоба аясында Бордаш, Желтоқсан, Әйтеке би, Б.Әшімбиев және Жанкожа батыр, Б.Сафинов, Б.Үсенов, Ш.Уәлиханов бұрылысы және Ұлан көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Ратбек Күсембаевтың айтуынша, көше жарығын орнату жұмыстарына 2025 жылға қаражат қарастырылмапты. Бағаналар мен трансформаторлар ауыстыру инвестициялық бағдарлама бойынша келесі жылға жоспарланған екен. Ал аудан орталығында газдандыру, ауызсу жүйесі орталықтандырылған, ретке келтірілген.

 

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғаны анық. Өз кезегінде бұл жұмыстар ауылдық елді мекендердің ажарының ашылуына сеп болып отырғанын да айта кетуіміз керек. Жалпы осындай шаруалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ