Әлеумет

Құқықтық тәрбиенің маңызы зор

«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес «Балам, заңнан аттама!» жобасы аясында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Форумға облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, білім саласы мен құқық қорғау органдарының басшылары мен мамандары, сот жүйесінің ардагерлері мен қызметкерлері, ардагерлер және аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Мемлекет басшысының бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жиынның маңызына тоқталды.

Келесі кезекте сөз алған облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман заңға бағыну азаматтық қоғамның ең маңызды тірегі екенін атап өтті. Жастарға дұрыс құқықтық бағдар беру бүгінгі мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін жеткізді.

Жиында сот жүйесінің ардагері Уәлиға Қайманова бала тәрбиесіндегі құқықтық білімнің маңыздылығына тоқталды. Балаларға құқықтық сауаттылықты кішкентай кезден үйрету қажеттігін айтқан Уәлима Қайманқызы қазіргі таңда балаларға арналған құқықтық энциклопедия жазып жатқанын тілге тиек етті.

«Алдын алу – тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік тетігі» тақырыбында баяндама жасаған облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың себеп-салдарына тоқталды.

Прокуратура ардагері Күлзипа Бекбауқызы «Құқықтық мәдениет – қоғамдық сананың айнасы» деген тақырыпта мазмұнды баяндама жасап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен қоғамның әр мүшесінің жауапкершілігіне тоқталып, бұл тұжырымдама жастарға құқықтық бағыт беру үшін таптырмас құрал екенін айтты.

Басқосудың қорытындысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер негізінде облыс көлемінде кешенді құқықтық-ағартушылық жұмыс жүргізу туралы шешім қабылданды.

Атап айтқанда, 2025-2026 оқу жылында барлық қалалық, аудандық мектептерде, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждерде TED-X форматында арнайы кездесулер өткізу жоспарланды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ