Әлеумет

Қайтарылған активтер есебінен тағы бір нысан пайдалануға берілді

Кезінде заңсыз жолмен елден тыс жерлерге шығарылған мүлік не қандай да бір қаржы бүгінде мемлекет меншігіне біртіндеп болса да қайтарылып жатыр. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесімен танысқанда, елімізде әділдік салтанат құрып, жемқорлықпен күрес жемісін беріп жатқанын аңғарғандай боласың. Әділеттілігі сол, заңсыз пайдаланылған мұндай қаражат қайткен күнде де халық игілігіне жұмсалуы қажет. Себебі ол – халықтың ақшасы. Сондықтан да мұндай қаржыға мектеп, аурухана, жол салынып, осы секілді басқа да әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуы тиіс. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан шаруа.

Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы негізгі мақсаттардың бірі. Бұл істі аяғына дейін жеткізуде кейінгі кезде қайтарылған активтердің де ықпалы июде. Мәселен Жамбыл ауданының орталығынан шалғайда жатқан шағын елді мекеннің бірі – Жаңаөткел ауылы. Осы елді мекен тұрғындары қайтарылған активтер есебінен сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Бұған дейін ол елді мекен тұрғындары жерасты суын пайдаланып келген еді.

Жуырда Жаңаөткел ауылында қайтарылған активтер қаражаты есебінен құрылысы жүргізілген ауызсу жүйесі салтанатты түрде іске қосылды.

Нысанның ашылу салтанатында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы тұрғындардың қуанышын бөлісіп, құттықтау сөз сөйледі.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Жаңаөткел ауылынан бөлек, ауданға қарасты Жұма, Өрнек ауылдарын да ауызсумен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін өңір толық ауызсумен қамтылатынын атап өтті.

Аядай ауыл мемлекет назарынан тыс қалмағанын айтқан ауыл ақсақалы Кендебай Оңғарбаев осы істің басы-қасында жүргендерге тұрғындар атынан алғыс білдірді.

Айта кету керек, ауызсу жүйесінің құрылысына мемлекеттен 379 миллион 236 мың теңге қаржы қаралған. Құрылысты «Пырақ - Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, бүгінде 75 үйдің ауласына ауызсу құбыры тартылып отыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Жамбыл ауданы