Жамбыл жаңалықтары

Байзақта үш ауылда медициналық пункт ашылды

Халықтың денсаулығы – ел дамуының басты кепілі. Осы ұстанымды басшылыққа алған мемлекетіміз соңғы жылдары ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы сөзіміздің айқын дәлеліндей жуырда Байзақ ауданындағы 3 ауылда, нақтырақ айтсақ, Дихан-2, Тегістік және Базарбай елді мекендерінде заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттердің ашылу салтанаты өтті.

Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек пен Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова арнайы қатысты. Олар медициналық мекемелердің ашылуы – мемлекет тарапынан ауыл халқына жасалып жатқан нақты қамқорлықтың белгісі екенін айтып, жаңа нысандардың ел игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова ауыл медицинасының дамуы стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.

Ашылған медициналық пункттердің әрқайсысы 15 келушіге арналған және амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге толық бейімделген. Мұнда дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмелері, сүзгі (фильтр), акушерлік, егу, процедуралық, физиотерапия, стерилизациялық, КИЗ секілді мамандандырылған кабинеттер қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындары үшін бұрын-соңды болмаған жағдай.

Ашылған жаңа нысандардың бірі – Тегістік ауылындағы медициналық пункт. Бұл заманауи нысанның құрылысын «Синдикат Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, жалпы сметалық құны 298,472 мың теңгені құраған. Қазіргі таңда мұнда 624 тұрғынға қызмет көрсететін жағдай жасалған.

Мекемеде 1 дәрігер, 5,25 орта медициналық қызметкер, 1 кіші медицина қызметкері және 2,5 басқа қызметкер жұмыс істеуде. Бекітілген штаттық кестеге сәйкес, болашақта 1 дәрігер, 7 орта буын медицина қызметкері, 1 кіші қызметкер және 3 техникалық маман қабылданады. Ең бастысы – нысан 100 пайыз материалдық-техникалық базамен қамтылған.

Бүгінде ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Әсіресе шалғай ауылдарда алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандардың жаңартылуы – отбасылық денсаулықты сақтауға, бала мен ана күтімін жақсартуға, жалпы тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен үлес қосады.

Айжан ӨЗБЕКОВА