Елімізде отбасына орналастырудың жаңа түрі енгізілуде
1 шілдеден бастап Қазақстанда балаларды отбасына орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізіледі, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы үй жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған уақытша, бірақ маңызды қадам.
Кәсіби қабылдаушы отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін тәрбиелеуге мүмкіндік алады. Мұндай отбасыға бала қабылдамас бұрын үміткерлер міндетті түрде арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Оқыту жетім балаларға арналған мемлекеттік мекемелерде және балаларды отбасына қабылдағысы келетін адамдарды оқытуға құқығы бар аккредиттелген ұйымдарда ұйымдастырылады.
Кандидаттарды бекіту туралы түпкілікті шешімді қамқоршылық және қорғаншылық органдары қабылдайды. Бұл шешім ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заң талаптарына сәйкес қабылданады.
Әрбір кәсіби қабылдаушы тәрбиешіге балаға жұмсалатын ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ тәрбиелеу қызметі үшін еңбекақы төленетін болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде балаларды отбасына орналастырудың төрт түрі бар: асырап алу, қамқоршылық, патронат, қабылдаушы отбасы.