«Қажымұқан» фильмі Италиядағы фестивальда бірнеше жүлде алды
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Қажымұқан» фильмі Италияда өткен XXIX Халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде биіктен көрінді, деп хабарлайды arainfo.kz
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Қажымұқан» фильмі Италияда өткен XXIX Халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде үздік деп танылды.
Картинa бірден бірнеше басты номинацияда жеңіске жетті:
– «Үздік фильм»,
– «Үздік ер адам рөлі» (Ербол Төлепберген),
– «Үздік режиссура» және «Үздік сценарий» (Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков).
Фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин тарихи сценарийге 2012 жылы кірісіп, он жылдан астам зерттеу жүргізген. Түсірілім жұмыстары 2020 жылы басталып, фильм 2023 жылы көрерменге жол тартты.
Кинотуынды қазақтың тұңғыш әлем чемпионы, аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолына арналған. Ол француз күресінен әлем чемпионы атанып, сан мәрте халықаралық жарыстардың жеңімпазы болған. Елуге жуық медаль иеленген Қажымұқан – қазақ халқының мақтанышы.
Айта кетейік, IPAAF – Apoxiomeno фестивалі 30 жылға жуық тарихы бар беделді шара. Ол жыл сайын әлеуметтік және мәдени маңызы зор, көркемдік деңгейі жоғары туындыларды марапаттайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өнер майталмандары осы фестивальде бағын сынап келеді.