Акцияға прокурорлар да үлес қосты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң мен тәртіп» апталығы аясында облыстық прокуратура, облыс әкімдігі, бақылаушы және қадағалау органдары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын ұйымдастырды.
Тазалық акциясына қатысушылар «Жеңіс» және «Мамыр» саябақтарын тазартып, Талас өзенінің жағалауын ретке келтірді. Сондай-ақ тұрғындар арасында қоғамдық орынға қоқыс тастау заңмен қадағаланатыны жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Дәурен Көбеевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» науқаны аясында прокуратура тарапынан ауқымды жұмыс атқарылған.
Ал облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев басқарма тарапынан «Тазалық әр адамның өзінен басталады» ұранын халық арасына кеңінен насихаттау мақсатында наурыз-сәуір айларында облыс көлемінде түрлі 12 сенбілік ұйымдастырылғанын айтады.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ