Спорт

Жарыс жолында – БАҚ өкілдері

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде БАҚ өкілдері арасында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спартакиаданың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

Бұдан кейін Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі ақжарма тілектерін арнап, спартакиаданың жоғары деңгейде өтуіне тілектестіктерін білдірді.

Спартакиада жалпы спорттың 6 түрі бойынша өтті. Командалар алдымен эстафеталық жүгіру бойынша сынға түсті. Бұл кезеңде қатысушылар ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың үздік үлгісін көрсетті. Жарыс қорытындысына сәйкес, тартысты додада «Taraz Press» командасы топ жарды. Екінші орынға облыстық «Jambyl» телеарнасының командасы лайық деп танылды. Шу ауданының командасы үшінші орынды қанағат тұтты.

Арқан тарту сайысында да командалар аянып қалмады. Арқан тартуда облыстық полиция департаментінің «ПД баспасөз қызметі» командасына тең келер қарсылас табылмады. Екінші және үшінші орындарды «Шу ауданы» мен «Jambyl» командалары өзара бөлісті.

Спорттық доданың аса қызықты әрі тартысты өткен кезеңдерінің бірі волейбол жарысы болды. Бұл бәсеке басты сайыс ретінде бағаланып, қатысушылардың кәсіби дайындығы мен ұйымшылдығы сынға түсті. Жарыс екі топқа бөлініп ұйымдастырылып, әр топтағы командалар жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті.

Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша әр топтан үздік нәтиже көрсеткен екі команда келесі кезеңге жолдама алып, жүлделі орындар үшін таласқа түсті.

Жалпы нәтижеге сәйкес «Салық тәртібі» командасы жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Сондай-ақ «ПД баспасөз қызметі» командасы екінші орынды, «Taraz Press» командасы үздік үштікті түйіндеді.

Ал үстел теннисі екі санатта – ерлер және әйелдер арасында өтті. Қатысушылар өздерінің ептілігі тактикалық шеберліктерін паш етіп, жүлделі орындар үшін жан алысып, жан берісті. Ерлер арасындағы бәсекеде «Шу ауданы» командасының өкілі Әбіш Нұрберген алтыннан алқа тағынды. Екінші орын «Салық тәртібі» командасының белді мүшесі Диас Шахуровқа бұйырса, үшінші орынға «ПД баспасөз қызметі» командасының ойыншысы Зиябек Өмірбек қол жеткізді. Нәзік жандылар арасындағы жарыс та аса жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар өздерінің спорттық дайындығын барынша көрсете білді. Әйелдер арасында Гүлдана Ализа («ПД баспасөз қызметі») тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. «Taraz Press» командасының ойыншысы Зейнеп Убайдулла күміс жүлдеге қол жеткізсе, үшінші орынды «Салық тәртібі» командасының өкілі Самал Бейсен еншіледі.

Қол күрестен «ПД баспасөз қызметі» командасынан Мұхаммед Әуезов топ жарды. Екінші орын «77» құрамасының мүшесі Әділхан Сайлауға бұйырса, Шу ауданы командасынан Асланбек Тоқтарбай соңғы орынға жайғасты. Сонымен қатар, әйелдер арасында үшінші орынды «Шұғыла-Жамбыл-Тараз» командасынан Мираш Жолаева иеленді. «Салық тәртібі» командасының мүшесі Гүлдерайым Әлімжанова екінші орынды алса, жүлделі бірінші орынға «Taraz Press» командасынан Айнұр Балтабаева тұрақтады.

Ақыл-ойды аса қажет ететін интеллектуалды ойын түрі дойбыдан ерлер арасында «Taraz Press» командасынан Нұрболат Әлдибеков шын мықты екендігін дәлелдеді. Ал «Салық тәртібінен» Амангелді Әбіл екінші орынды, «Taraz 24» командасынан Нұрбол Қыстаубек жүлделі үшінші орынды иеленді. Әйелдер арасында Шу ауданының командасынан Ғалия Көкпенбаева үшінші орынды, «Салық тәртібі» командасының мүшесі Әсел Бөлекбаева екінші орынды иеленіп, «ПД баспасөз қызметі» командасынан қатысқан Ботагөз Темірбаева үздік шықты.

Тартысты өткен спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте «ПД баспасөз қызметі» командасы топ жарды. Ал жоғары нәтижелерімен ерекшеленген «Салық тәртібі» командасы екінші орынды иеленіп, мерейі үстем болды. Үздік ойын өрнегі мен ұйымшылдықты таныта білген «Taraz Press» командасы үшінші орынға тұрақтап, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жеңімпаз командаларға, спортшыларға құрмет көрсетіліп, қомақты қаржылай сыйлық табысталды.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ