Сөнбес үміт
Аса өзенінің бойындағы Айнакөл ауылы соғыс жылдарында ауыр күндерді бастан өткерді. Азапты күндердің артта қалуына, болашаққа деген сенімнің нығаюына түрткі боларлық жалғыз ғана үміт бар. Ол үміт ел-жұрт қысылтаяңда бетіне қарайтын, тіршіліктің тұтқасы боларлық ер-азаматта еді. Үміт ақталды, соның арқасында Айнакөл тіршілігін тоқтатпады.
Өңірге белгілі радиожурналист Лаура Бораш – тыңдарман көңілінен шыққан талай тұшымды хабарлардың авторы. Журналистік қарымымен, сөз саптау шеберлігімен ерекшеленетін әріптесіміз талай жүректі елжіреткен сырлы әңгімелердің студиядағы шебері екенін бұған дейін де тыңдарман алдында дәлелдеп қойған. Оның проза жанрында қалам сілтейтіні де бар. Мерекеге орай әріптесіміздің «Бауырдан күдер үзбеген үміт» атты деректі хикаясын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл деректі хикая арқылы автор отбасында, әулетте ақсақалдың рөлі қандай болу керектігін, ұлттық болмысқа сай көзқарасын аңғартады. Оқуға жеңіл туындының жалпы оқырманға, жас буынға берер тәлімі мол.
РЕДАКЦИЯДАН.
І. Елдің тірегі
Елдегі әрбір ер-азамат майданға аттанып, ауылда тек қарттар, әйелдер мен балалар қалған шақта, сол ауылдың тірегі болған бір адам бар еді, ол – Омар. Омар ата – ірі тұлғалы, жүзінен сабыр мен салмақ төгілетін, сөзге тоқтай білетін, ел қадірлеген жан. Соғыс басталғанда ол да алғашқылардың бірі болып майданға сұранған. Алайда ауылға аса қажет деген «броньмен» тылда қалдырылды. Ол бұған қынжылса да «ел алдындағы парызымды сол жақтан өтеймін» деп бел шеше еңбек етті. Ауылдағы сауын фермасының меңгерушісі бола жүріп, күні-түні тыным көрмеді. Ферманың басында тұрып, сауыншылардың жұмысын өзі реттейді. Келін-кепшікке бас-көз болып, май мен сүтті күнбе-күн майданға жөнелтеді. Әйелдер ала таңнан қара кешке дейін тынымсыз еңбек етеді, бірақ ешқайсысының жүзінде наразылық белгісі жоқ. Себебі Омар бәріне демеу бола білді. Ол бұл жұмысты жай басшылық емес, жүрек қалауымен, жанашырлықпен атқарды. Оның айналасына бір түрлі жылу мен сенім ұялататын қасиеті бар болатын.
Ферманың жанына соғысқа кеткендердің жесірлері мен жетімдері көп жиналатын. Бейбіт өмірде күйеулерінің қамқорлығын көріп жүрген аналар, енді бір сәтте жалғыз қалып, күнкөріске зар болған. Соларға Омар ата шын жанашыр болды.
Күніге бір үйге отын түсіріп, бірінің баласын мектепке дайындап беріп, енді біріне малдың сүтін, ұнын жеткізіп тұратын. Келіндерге егіннің қалай егілетінін, сиырдың қалай сауылатынын өзі көрсетіп, бірге істеп жүрді. Ауылдағы ұлдар мен қыздарға өзі ұстаз болды. жаратылысы нәзік бұрымдыларға ерлерше жұмыс істеуді үйретті, ұлтымыздың дәстүрінен тәлім берді.
Мұны естіген Омар шапанын желбегей жамылып, атына мініп, сол үйге тартты.
– Қарғам, – деді есік алдында тұрған келіншекке, – көздің жасы – жүректің шері. Бірақ сен жыласаң, бала не істейді?
Әлима бетін жаспен жуа берді.
Омар оның иығына қолын қойып: «Сен тірі болсаң, ол да тірі. Күткен адам үмітін өлтірмейді. Саған майданнан келген соңғы хаттың көшірмесін әкеліп берейін. Ерігіп жүрген жоқ. Соғыс... Жан алысқан майдан... Бірақ әр сарбаздың ар жағында – сендер тұрсыңдар. Сен соны ұмытпа, – деді.
Сол түні-ақ Омар ауыл белсенділерін жинап, Әлима мен өзге де жесір қалған келіншектерге арнап көмек қорын ұйымдастырды. Жұмыла жүріп олардың малына қарасып, жоқ-жітігін түгендеп, кем-кетігін бүтіндеп, тозығы жеткен дүниесін жөндеп, отынын түсіріп берді.
ІІ. Қолы шипалы қария
Омар атаның Құдай берген тағы бір құдіреті – қолы шипалы еді. Ауылда қолы шыққан, аяғы сынған адам болса, бірден Омарды іздейтін. Ол ешқашан бет қайтармайтын. Әсте сынықшылық қасиет тек тегіне тартқан, сүйегіне біткен, қанмен берілген адамда ғана болады. Бір жолы қыста шанамен сырғанаған бала ағашқа соғылып, тізесін екі жерден сындырып алады. Ауыл іші у-шу. Анасы еңіреп, әкесі қапаланып тұрғанда Омар келе қалды.
Баланың көзі жұмулы жатқан. Біраз уақыттан соң аяқты орнына келтіріп, таңып тастады.
Сол бала үш айдан кейін мектепке жүріп келді. Оны көрген жұрт: «Бұл кісі жай адам емес», дейтін.
Бірақ Омар мұндай мадақты жақтырмайтын.
ІІІ. Саятшылық – серігі
Омар атаның бір рахаты – аңшылық еді. Оның екі тазысы мен қаршығасы болды. Қаршығасы – қара түсті, аты да сол – Қарақұс.
Таң сәріде тазы ертіп, шоқыға шыққан Омар аспанды шолып, қаршығасын босатады. Ол айналып барып бір қоянды іліп түсіргенде, тазы да секіріп жетіп, иесі келгенше тырп еткізбей, астына басып жататын. Соны көргенде Омардың көзіне қуаныштың жасы үйірілетін.
Бірде немересі «Ата, мен де аңға шығамын» деп жүгіріп шыққанда: «Жарайды, балам. Бірақ аңшылық деген – қан төгу емес, табиғатпен тілдесу. Соған дайынсың ба?» деді көзін қадап.
Сол сөз менің бойыма мейір мен мәрттік деген ұғымды сіңірді.
IV. Темірдей тәртіп
Омар атаның үйінде тәртіп темірдей болатын. Әр нәрсенің өз орны, әр адамның өз шегі бар. Есіктен кіре бере аяқкиім қисайып тұрса – қабағы қатып, үнсіз ғана тесіле қарайтын. Сол үнсіздік біз үшін тұтас ұрыстан ауыр еді. Шыныдай тазалық пен жинақылық – ол кісі үшін сыртқы емес, ішкі тәртіптің көрінісі болатын.
Балалар шашын аптасына екі рет алдырмай жүрмейтін. Киімімізге бір қылау түссе – атаның көзіне бірінші сол түсетін. Ол – бізді үйдің баласы емес, ертең ел ұстайтын азамат деп тәрбиелейтін. Әр сөзі сынақ, әр ісі сабақ еді.
Бірде атам асау тайды қолға үйретпек болды. Бірақ өзі мінген жоқ. Оның орнына інім Әбдіманапты шақырды.
Інім алғашында жүгенді абайлап ұстады. Тай тыпыршыды. Екі көзі шатынап, кеудесі бүлкілдеп тұрған жануар кенет тулап, інімді аунатып түсірді. Ол құлаған беті екі иығы селкілдеп жылап жатқан. Бірақ атам селт етпеді.
Сол күні білсек, Әбдіманаптың иығы шығып кетіпті. Бірақ атам өзі салмады. «Тәртіптің де, тәуіптің де жөні бөлек» дегендей, ауылдың қадірлі сынықшысын шақыртты. Әлгі қария иығын салды-ақ, бірақ, сірә, орнына дәл түспеген-ау. Содан кейін інімнің бір иығы мәңгілік сәл еңкіш боп қалып қойды. Бұл оқиғаны талай жылдар бойы әркім әрқалай жорыды. Біреу «қаталдық» деді, біреу «қамқорлық» деп қабылдады. Ал біз үшін бұл – еркелікті емес, ерлікті үйретудің тәсілі еді. Атам ешқашан «жарадың» деп мақтамайтын. Бірақ сен сүрінсең – жұртқа сыр бермей, соны өзіңмен бірге түзеп тұратын. Оның тәрбиесі құшақпен емес, күреспен бойыңа сіңетін.
Бір күні үйде ет асылды. Ет пісіп, табақ тартылды. Атам маған бұрылып, «Мә, балам, басты саған берейін» деді. Қуаныштан төбем көкке жеткендей болып, басты қолыма алып, асығыс ауыз сала бергенім сол еді, «Ей!» деді атам. Даусы гүр ете қалды.
– Сен не істеп отырсың? Алдыңда ағаларың отырғанда, басты бас салып жеу қай сасқаның?!
Шапалағы бетіме сарт етіп тиді. Үй іші сілтідей тына қалды. Сол үнсіздік ішінде ұялу да, ұғыну да бар еді.
Сөйтсем, атам мені сынапты. Адам бойындағы әдеп пен тәртіпті бір табақ еттің үстінен-ақ тексере салатын. Сол күннен бастап ағаларым отырған жерде нанға да қол созудан именетін болдым.
Ол кісі бізге жұмсақ болған жоқ. Бірақ бізге жұмсартпайтын өмірдің қандай болатынын ерте сездірді. Мейірімділікті – мықтылықпен, қамқорлықты – қаталдықпен үйретті.
V. Сыздыққа деген сағыныш
Бірақ Омар атамның ішкі жандүниесін бір ғана нәрсе жұбата алмады. ол – інісі Сыздыққа деген сағыныш еді. Соғыс басталғанда Сыздық бірден майданға аттанды. Омар атам оны өзі шығарып салды. Сыздық пойызға мініп бара жатып: «Аға, ел аман болсын. Екеуміздің де сүйегіміз осы топырақта жатса деймін. Егер мен оралмасам, балаларымды жетімсіретпеңіз...» деді.
Омар басын изеп, ауыр күрсінді. Ештеңе демеді. Бірақ көзінің ішіне тұнған мұңды Сыздық сезіп бара жатты.
Сол күннен кейін Омар інісінен бірде-бір хабар алмады. Артында келіні Бекайым, екі баласы Бораш пен Үсен қалды.
Бораш ес білетін. Әкесінің жылы алақанын, даусын сағынатын. Әрбір сарбаз елге келген сайын: «Мүмкін, әкем болар...» деп қарап тұратын.
Бір күні келіні Бекайым бір сұрақ қойды.
– Көке, кеше ауданға бардыңыз ғой... Отағасынан бір дерек бар ма? Омар үнсіз қалды. Шайына қолын созып отырып, терезеден сыртқа қарады.
Сол күндері соғыстан оралған әр адамды өзі қарсы алуға тырысатын. Бірде ауылға әскери форма киген жігіт келді. Омар оны алыстан көріп, жанұшыра жүгіріп жетті.
Омар қос тізесін қапсыра ұстап, жүресінен отыра кетті.
Жылдар өтті. Елге соңғы солдаттар оралды. Бірақ олардың да арасында Сыздық жоқ еді. Сол түнде Омар жалғыз өзі далаға шықты. Көңілі алай-дүлей. «Сыздығым... қайдасың?» деді аспанға қарап.
Жұлдыздар ғана жымың қағып, оны үнсіз тыңдап тұрды.
Омар атам өмірінің соңына дейін інісінің келуін күтті. Ақтық демінде де: «Сыздық... бауырым...» деп күбірлеп жатты.
Мен сол сәтте оның жүрегінде алапат сағынышпен бірге өлмейтін махаббат жатқанын ұқтым. Омар атам – біздің ауылдың қамқоршысы, елдің тұтқасы болды. Ол өз дәуірінің ұстазы, емшісі, аңшысы, әкесі және бауыр еді. Артында қалған әрбір ісі, әрбір сөзі – бізге аманат. Оның өмірі бүгінгі ұрпаққа айна, тағылым мен тәлім іспетті еді.
Лаура БОРАШТЕГІ,
журналист