Әлеумет

Режиссер – телеарнаның шамшырағы

Режиссердің еңбегі көрерменнің көзінен тасада қалып жататыны белгілі. Мереке қарсаңында мәлім де беймәлім мамандықтың қыр-сырын оқырманға таныстыру мақсатында «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында облыстық «Jambyl» телеарнасына арнайы ат басын бұрып, бір күнімізді режиссура ісіне арнаған едік.

Облыстық телеарнаның бас режиссері Ұлдана Смайловаға жолыққанымызда ол сөзге келмей қасына ілестіріп алып, бүкіл телеарна ішін аралатты. Кімнің қандай қызмет атқаратынын қолмен қойғандай тәптіштеп айтып берді. Режиссерлер отыратын бөлмеге бас сұққанымызда ол жерден қаптаған мониторлар мен басқару пультін көрдік. Пульттің үстінде жүздеген тетік пен батырма орналасқан екен. Режиссерлер бірнеше камерадан өзіне керегін таңдап, графикасын енгізу, дыбысын реттеу, жарнама не бейнесюжеттерді эфирге шығару секілді жұмыстармен айналысып жатты. Тізілген мониторлардың әрқайсысы әртүрлі кадрларды көрсетіп тұр. Бірақ барлық экранның мақсаты біреу ғана. Ол – қате жібермеу. Көрерменге ұсынылғалы тұрған бағдарламаны режиссер осы жерде бақылайды.

Бағдарлама барысында, яғни хабар жүріп жатқанда әлдекім шалт бұрылып, өрескел сөз айтып, тіпті журналистің немесе шақырылған қонақтың киімінің жағасы қисық тұрып қалса да режиссер кінәлі болып шығады. Сол себепті титрдағы жазулардан бастап, қатысушылардың әр сөзіне құлақ түріп, үстіндегі киіміне дейін мән беріп, отырысын байқап, байыптап, оқыс қимылының өзін қалт жібермей қадағалауды қолға алуы бұл қызметтің ең үлкен міндеті.

Осындай үлкен жауапкершілік жүктелгеннен кейін режиссер түйсігі алдамайтын байқампаз, ештеңені қалт жібермейтін қырағы, жазудан қате түсірмейтін сауатты һәм ойға жүйрік болғаны абзал. Өйткені ол телеарнадағы бүкіл хабардың етек-жеңі жинақы, бүтін болып шығуына жауапты адам. Оның үстіне ол пәрмен бермей, тікелей эфир басталмайды да. Ал эфирде кеткен қателік ешқашан кешірілмейді. Ең өкініштісі бүкіл болмысыңмен бірнеше сағат бойы міз бақпай бақылаған бағдарлама барысында болмашы ғана қателік кетсе, тағы да режиссер кінәлі болып шығады.

Монтаж бөлмесіне аяқ бастық. Мұнда телеарнада 20 жылдан бері қызмет атқарып жүрген журналист Аягөз Құлманбеттің жетекшілігімен хабар монтаждалып жатыр екен. Режиссердің орнына отырып, хабардың монтаждалуын бақылауға кірістім. Диктордың оқыған мәтіні видео-картинаға сәйкес болуы, оған қандай текст жазылуы, оны нендей видеолармен қосымша әрлеу керектігін қадағаладым.

«Біткен іске сыншы көп» болғандықтан, болмашы бір қателігің ертең бетіңе басылмас үшін бүгін монтаждалып жатқан хабардың әр секунд, минутына дейін қалт жібермейсің. Осылайша режиссер жұмысының қандай қызық, алайда ауыр екендігін ұқтым. Бұл саланың маманына демалуға мұрша жоқтығын түсіндім. Себебі режиссер қалт жіберген бір минут – білдей бір телеарнаның тағдырын шешіп жіберуі мүмкін.

Эфирге жол тартқан әр жаңалық пен хабарда аймақ тынысы мен сан саланың қыруар жұмысы қамтылып жүр. Мәдениет пен әдебиет, білім, ел ертеңі болған жастардың шығармашылығы, ауыл тіршілігі, мемлекеттік бағадарламалардың орындалуы, шалғайдағы шаруаның тынысы, бәрі-бәрі телеарна эфирінде. Ал оның тізгіні режиссерде. Ендеше, әр хабардың шамшырағына айналған маман иесіне шырағыңыз сөнбесін дегіміз келеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ