Әлеумет

Журналист болудың жауапкершілігі жоғары

Кейінгі жылдары редакцияға тәжірибеден өтуге келген кейбір студенттердің тапсырмаға атүсті қарап, түрлі мекемелерде өтетін іс-шараларға барғысы келмейтіні, мақала жазуға құлшыныс танытпайтыны байқалып қалып жүр. Елгезек, жазуға ебі бар, редакцияға күн құрғатпай келіп тұратын жастар жоқтың қасы.

Мұның себебіне үңілсек, тәжірибеден өтіп жүрген болашақ журналистердің бірі медиа салаға кездейсоқ тап болса, енді бірі журналист болуға қызыққанымен, жазуға келгенде дарыны мен талабы жетпей жатады. Ал енді бірі сабақтан кейін қосымша жұмыс істейтіндіктен тәжірибеден өту мәселесін екінші орынға ысырып тастайды. Тіпті кейбірі мақаланы жасанды интеллектке жаздырып, сол күйі өткізетінін қайтерсің?! Әсілінде тілшілік жолдың ыстық-суығын аз да болса сезініп, журналистиканың қандай болатынын бастан өткерген, жауапкершілігі жоғары студенттен ғана болашақта мықты журналист шығады. Біздің ойымыз бүгінгідей сараптамалық, талдамалық материал жазатын, оқырманға тұшымды дүние ұсынатын журналистер қатары сиреп бара жатқан уақытта жастар жақсылыққа ұмтылса екен деген тілек. Әйтпесе ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруге әлден әуес болу әбиір әпермейді. Көпке топырақ шашуға болмас, дегенмен осындай мәселенің бары рас.

Журналистика мамандығына оқуға түскен студенттердің барлығы бірдей бұл салаға өз қалауымен таңдау жасамайтынын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне жыл сайын 60-70 студент қабылданып, алайда оның тең жартысына жуығы ғана қолына «журналист» деген диплом алатынынан-ақ аңғаруға болады. Демек, бұл журналистиканы кездейсоқ таңдағандардың жартысы төрт жыл ішінде басқа мамандыққа ауысады деген сөз. Бұған кейбір жастардың жаны сүйетін мамандығына оқуға түсуге талпынып, ҰБТ-дан қажетті баллды жинай алмай қалған соң соңғы мүмкіндік ретінде журналистикаға уақытша бет бұратыны дәлел. Себебі бұл салада шығармашылық емтихан мен әңгімелесуден сүрінбей өткендерге жол ашық. Алайда дәл осындай жолмен мамандық таңдағандар арасында журналистиканың жүгін көтеруге жан-тәнін салып жүргендер де бар екен. Соның бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Конвергентті журналистика» мамандығы бойынша білім алып жатқан 4-курс студенті Снежана Алжеева.

Болашақта қоғамға пайдасы тиетін, елдің үмітін оятатын материалдар жазғым келеді. Идея да, мазмұн да адамның өз санасында пісіп-жетілуі тиіс, – деді ол.

Айтуынша, Снежананы осы жылы облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есет Досалы тәжірибеден өткізген екен. Сол себепті әріптесіміздің де пікірін тыңдауды жөн көрдік.

Студенттің барлығы адасып келсе де адалдық танытып жүрген Снежана емес. Біз сондықтан болашақ журналистерді дайындаумен айналысатын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне барып, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зәуре Сағыбаймен тілдестік.

Мысалы, Әсем Асылбек, Алмат Әбиров, Аружан Сұлтанова, сондай-ақ 2-курс студенті Назира Нұрман секілді өзге де бірқатар студент шығармашылық қабілеті бар, жауапкершілігі жоғары жастардың қатарында екен.

Болашағын журналистикамен байланыстырған студент тек тәжірибеден өткен кезде ғана емес, қоғамдағы өзекті тақырыптарды көтеріп, оны редакцияларға ұсынып отырғаны жөн. Қолы қалт еткенде редакцияға келіп, тапсырма алып кетсе де болады. Біз өз кезегімізде болашақта ізімізді басатын жастарға білгенімізді үйретуден қашпаймыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ