Әлеумет

Ақпарат майданындағы бесаспап маман

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі – бұл ақпарат саласында қалтқысыз қызмет етіп жүрген кәсіби мамандарға алғыс білдіретін айтулы дата. Қазіргі медианың дамуында жаңа бағыттар, тың мамандықтар пайда болып, алдыңғы қатарға шығып келеді. Газетіміздің бүгінгі санында тек журналист емес, SMM маманы ретінде де кәсіби шыңдалған замандасымыз – «Jambyl-Taraz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Гүлдана Жұмаділқызы туралы сөз қозғамақпыз.

Гүлдана Жұмаділқызы – жаңа дәуір медиасының өкілі. Ол 2003 жылдың 27 тамызында Қарағанды облысының Жәйрем кентінде дүниеге келіп, мектеп бітірген соң 2021 жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне оқуға түседі. Бүгінде «Конвергентті журналистика» мамандығы бойынша білім алып жатқан Гүлдана теорияны тек оқып қоймай, оны тәжірибемен ұштастырып келеді.

2022 жылдың желтоқсан айынан 2023 жылдың сәуір айына дейін кейіпкеріміз облыстық «Jambyl» телеарнасында тілші және сценарист ретінде қызмет атқарып, телеарна жұмысының қыр-сырын меңгереді.

2023 жылдың тамызында Гүлдана «Jambyl-Taraz» газетіне тілші ретінде жұмысқа қабылданады. Қазіргі таңда «Jambyl-Taraz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы лауазымын атқарып жүр. Бұл – оның кәсіби ортада өзін-өзі дәлелдеп, сенімге ие болғанының айғағы. Оның айтуынша, бұл сала – шексіз тәжірибе мен үнемі ізденісті талап ететін ерекше алаң.

Бүгінде әлеуметтік желілер – ақпарат таратудың ең жедел әрі ықпалды құралы екені ақиқат. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары да, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар да өз контентін оқырманға жеткізу үшін кәсіби SMM мамандарына сүйенеді. Олар – жаңалықты тиімді әрі сенімді жолмен жеткізудің стратегтері.

SMM маманы – бұл жай ғана пост жазушы немесе сторис салушы адам емес. Бұл – ақпаратты жоспарлап, визуалды түрде әсемдеп, аудитория талғамын зерттеп, мазмұн мен уақытты дәл есептейтін, алгоритммен жұмыс істейтін маман. Оның қолындағы смартфон – бір жағынан редакторлық пульт, екінші жағынан – жарнама құралы, үшінші жағынан – қоғаммен байланыс көпірі.

Кейде бір ғана сурет, бір минуттық видео немесе сәтті жазылған тақырып мыңдаған оқырманның назарын аударып, қоғамда пікір қалыптастырады. Сондықтан SMM – бүгінгі ақпарат кеңістігіндегі ықпалды құралға айналды. Бүгінгі таңда кәсіби SMM маманнан аудиторияның сұранысын түсіну, әлеуметтік желілердің алгоритмін меңгеру, қысқа әрі мазмұнды мәтін жазу, фото, видео, баннер жасау, жарнама мен таргеттеуді жоспарлау, креатив ойлау мен визуалдық сауат, онлайн ортада беделді сақтау мен қоғаммен байланыс орнату секілді дағдылар талап етіледі.

Гүлдана бүгінде тек агенттіктің жұмысын үйлестіріп қана қоймай, әлеуметтік желілерде түрлі парақшалар жүргізу, қала өмірі туралы деректі бейнероликтер әзірлеу, баннерлер дайындау арқылы көп салалы жұмысты қатар атқаруда. Бұл – оның өз бетімен үйренген қабілеті мен тынымсыз ізденісінің жемісі.

Айжан ӨЗБЕКОВА