Әріптестеріміз марапатталды
Жуырда 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Журналистер одағы облыстық филиалы қалам ұстаған қауымға құрмет көрсетті.
Жиынға қатысушылар журналистика саласындағы ұрпақтар байланысы, кәсіби құндылықтар және медиа кеңістіктегі жаңа бағыттар жөнінде пікір алмасты.
Басқосуды Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов құттықтау сөзбен ашты.
Өз кезегінде облыстық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев сөз алып, журналистерге ақ тілегін арнады. Сондай-ақ Көсемәлі Сәттібайұлы, Майлыбай Смағұлов, Ғайни Әлімбекқызы секілді ардагер журналистер ақпарат айдынындағы жастарды ізгілікке, шынайылыққа, жеделдікке үндеді.
Мерекелік іс-шарада төрдегі үлкен-кіші буынға құрмет көрсетілді. Жиынға арнайы шақырылған жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы мен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының басшысы Эльмира Мырзағали кәсіподақ тарапынан берілген төсбелгіге ие болса, облыстық «Jambyl» телеарнасының журналисі Шерхан Дәкенге жастар ресурстық орталығының 20 жылдығына арналған мерекелік медаль табыс етілді. Әріптесіміз, «AR-AI» газетінің тілшісі Ақтоты Жаңабай ресурстық орталығықтың алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Журналистер одағына мүшелікке енген жас журналистерге куәлік пен төсбелгі салтанатты жағдайда табыс етілді.
«AR-AI»-ақпарат