Білім

Халықаралық сарапшылардан үйренеріміз аз емес

Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 24 ақпандағы №79 бұйрығына сәйкес 2025 жылға арналған жоғары оқу орындарына алыс шетелдерден жоғары рейтингілік ғылыми басылымдарда жарияланымдары бар сарапшыларды тарту жоспары бекітілген болатын. Бұл бастама – еліміздің ғылым мен білім саласын халықаралық деңгейге шығару жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Осы бағдарлама аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне 7 халықаралық грант бөлініп, алғашқы қонақтар легі білім ордасына келіп үлгерді.

Аталған грант негізінде Индонезия Республикасының Риау университетінен тәжірибелі ғалымдар Аниша Пермата мен Нур Ислами шақырылды. Олар алдағы уақытта университет студенттеріне дәріс оқып, профессор-оқытушылар құрамымен бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырады.

Шетелдік меймандарды басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова салтанатты түрде қарсы алып, университеттің тарихы, жетістіктері мен стратегиялық бағыттарымен таныстырды. Кездесу аясында екіжақты әріптестікті тереңдетудің жаңа жолдары қарастырылды.

Жиынға басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев, басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Арман Қабдушев, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Исабекова қатысты. Олар индонезиялық әріптестермен келешек жобаларды, бірлескен ғылыми мақалалар жазу, халықаралық конференциялар ұйымдастыру сынды ұсыныстарды талқылап, тәжірибе алмасудың тиімді тетіктерін сөз етті.

Кездесу барысында Аниша Пермата мен Нур Ислами алдағы оқу жылы барысында дәрістер оқып, зерттеу семинарларына қатысуға әзір екендерін жеткізді.

Сонымен қатар тараптар М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің базасында Индонезия мен Қазақстан арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған халықаралық конференция ұйымдастыру мәселесін де қарастырды.

Кездесу соңында қонақтар университет ұжымына жылы қабылдау мен қолдауы үшін алғыстарын білдіріп, өзара ынтымақтастық жалғасын табарына сенім білдірді.

Сондай-ақ университеттің ғалымдары жуырда «Практикалық философия: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудағы интегралды білім беру мен дизайн-ойлау тұжырымдамалық метамоделі» атты 2024-2026 жылдарға арналған гранттық жоба аясында Ұлыбританияның Ковентри қаласына іссапармен барды.

Ғалымдар Уорвик университетінің философия факультеті ұйымдастырған «Warwick Continental Philosophy Conference – 2025» атты халықаралық конференцияға қатысты. Конференция барысында университет ғалымдары «Mental Intention as a Phenomenological Method of Philosophical Practice» атты ғылыми мақалаларын ұсынып, баяндамаларын сәтті қорғады.

Жоба жетекшісі Г.Нұрадин конференция аясында Оксфорд университетінің өкілі Asia Sakchatchawan, Уорвик университетінің профессорлары David Bather және Lorenzo Sereni сынды танымал ғалымдармен ғылыми пікір алмасып, зерттеу жұмысының өзекті бағыттарын таныстырды. Шетелдік мамандар тарапынан жобаның маңыздылығы жоғары бағаланып, болашақта бірлескен ғылыми ынтымақтастық орнату мүмкіндігі қарастырылуда.

Сонымен қатар, университет өкілдері Лондон қаласындағы King’s College London базасында өткен «The Education Conference – 2025 атты халықаралық конференцияға қатысты. Аталған іс-шарада Adam Fagan және Tansy Jessop сынды профессорлар мен жетекші сарапшылар сөз сөйлеп, заманауи оқыту әдістер, студенттердің жетістігі, академиялық тәжірибе және цифрлық трансформация мәселелерін талқылады.

Сапар соңында ғалымдар халықаралық ғылыми кеңістікке белсенді интеграциялануына, сондай-ақ, жаһандық деңгейде тәжірибе алмасу секілді мүмкіндіктерге ие болды.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ