Спорт

Жазғы универсиададан жүлдесіз қайтпадық

Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде студенттер арасындағы XIII Жазғы универсиада өтті. Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенттері жарқын жетістікке қол жеткізіп, жалпы командалық есепте үздік ондыққа енді. Жалпы жамбылдық студенттер 6 алтын, 7 күміс және 10 қола медаль еншілеп, университет тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

Универсиадаға Қазақстанның 79 жоғары оқу орнынан 4 000-нан аса студент қатысып, 20-дан аса спорт түрі бойынша бақ сынады.

Жақында универсиадада топ жарған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенттерін арнайы марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында жеңімпаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Сондай-ақ студенттерге жетекшілік еткен оқытушыларға да құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, бірінші орын алғандар – 50 000 теңгеге, II орын иегерлері – 40 000 теңгеге, ал қола жүлдегерлер 30 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар алтын медаль иегерлеріне арнайы ректор гранты тағайындалса, күміс және қола медаль иеленген спортшыларға комиссия шешімімен оқу ақысынан жеңілдіктер қарастырылды. Жеңісті жолда спортшыларға дем берген оқытушылар мен жаттықтырушылар да университет тарапынан қаржылай қолдауға ие болды.

Айта кетейік, универсиадада боксшы Нұрзат Оңғаров пен Бексұлтан Боранбек, қазақша күрестен Гүлдана Марлен мен Сезім Өтеулі, каратэ-додан Асқар Сапарғалиев, сондай-ақ таеквандошы Меруерт Дербес алтыннан алқа тағынды. Каратэ-додан Айбек Шарап, бокстан Бағлан Кенжебеков, Асылхан Көшербай, Сымбат Әлиасқар, Назерке Болат және жүзуден Юлия Дружинина күміс медаль еншіледі.

Футбол командасы құрамында Әділет Өмей, Тоқтар Асанбек, Диас Нұрсұлтанұлы, Мерей Жамбыл, Мүслім Жұмат, Аман Нышанов, Давранбек Сейтов, Мади Әбіш, Мейірхан Кәкен, Әбділхай Бейбарыс, Жасұлан Күмісбек және Тәуіржан Куантқанов секілді спортшылар облысымыздың намысын қорғады.

Сондай-ақ бокстан Икромжан Сайдахраров, Анжелика Цой, Олжас Абдулла, қазақша күрестен Аружан Данайбек, еркін күрестен Мадияр Тоқтахан, таеквандодан Нұрдаулет Темірбай мен Данияр Дәулет қола жүлдені қанағат тұтты. Өтеулі Сезім дзюдо спортынан қосымша қола жүлдені еншіледі.

Салтанатты іс-шарада Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жеңімпаздарға жүрек жарды тілегін арнап, олардың жарқын болашағына сенім білдірді.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ