Денсаулық

Қауіпті кеселдің алдын алу маңызды

Жуырда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен туберкулезге қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды бағалау және осы бағыттағы медициналық қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында маңызды жиын өтті. Басқосуға Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мамандарынан құралған мониторингтік топ пен облысымыздағы туберкулезге қарсы медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиынның басты мақсаты – туберкулездің алдын алу, ерте анықтау, сапалы емдеу ісін жолға қою және осы бағыттағы күрес шараларының тиімділігін кешенді бағалау. Сонымен қатар, медициналық ұйымдарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету де негізгі міндеттердің бірі болды. Басқосу барысында облыстағы туберкулезге қарсы қызметтің жалпы жай-күйі кеңінен талқыланып, саладағы шешімін табуы тиіс негізгі мәселелер мен болашақта жүзеге асырылуы тиіс міндеттер нақтыланды.

Мониторингтік топтың жұмыс сапары барысында өңірлік деңгейде жүргізілген бағалау нәтижелері сараланып, саладағы бірқатар кемшіліктер мен артықшылықтар егжей-тегжейлі талданды. Соның негізінде жүйелі ұсыныстар әзірленіп, нақты бағыттар айқындалды. Сонымен қатар туберкулезбен күрес жолындағы шаралардың тиімділігін арттыру, жергілікті мамандардың кәсіби әлеуетін күшейту, диагностикалық қызметтің сапасын жақсарту және науқастарды басқару жолдарын оңтайландыру мәселелері күн тәртібіне қойылды.

«Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамының өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің жетекшісі Раушан Жарылқасынованың айтуынша, бұл жұмыстардың басты мақсаты – еліміздің әрбір өңірінде туберкулезге қарсы күрестің тиімділігін жүйелі түрде арттыру. Оның ішінде ауруды ерте кезеңде анықтау, сапалы және уақытылы ем жүргізу, медициналық көмекке жүгінетін халыққа қолжетімді жағдай жасау, сондай-ақ диагностикалық стандарттарды енгізу мен мамандардың білімін жетілдіру сияқты маңызды іс-шаралар іске асырылып жатыр. Бұл тұрғыда институт мамандары аймақтық деңгейде кешенді шаралар легін қолға алып, кадрларды оқыту, сапаны бақылау жүйесін күшейту сынды бағыттарға басымдық беруде.

Сондай-ақ Раушан Каналбекқызы туберкулезбен күрестегі бастапқы медициналық-санитариялық көмектің (БМСК) ерекше маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, ауруды бастапқы кезеңде дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын жергілікті деңгейде тиімді ұйымдастыру арқылы өңірлерде туберкулезден болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік бар. Бұл үшін БМСК ұйымдары мен фтизиопульмонологиялық қызметтің өзара үйлесімді жұмысы қажет екені ерекше атап өтілді.

Жұмыс сапары барысында мамандар облысымыздағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасына, кадрлық әлеуетіне, диагностикалық мүмкіндіктеріне және науқастарды басқару тәсілдеріне жан-жақты сараптама жүргізіп, нақты талдаулар жасады. Сараптама нәтижесінде әрбір медициналық мекемеге қатысты ұсыныстар әзірленіп, әдістемелік көмек көрсетілді. Бұл шаралар тікелей тәжірибеге негізделіп, жергілікті жағдай ескерілген сараптамалық негізде жүзеге асты.

Жиынға қатысқан арнайы мамандар қатарында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мониторинг және бағалау тобының жетекшісі Айзада Нажмиден, осы топтың маманы әрі облыс кураторы Феруза Аблимитова, дифференциалды диагностикалық бөлім жетекшісі Лаура Егенова және Жаһандық қордың зертхана маманы Әлия Коптлеуова болды. Бұл мамандар жиын барысында жүргізген талдауларын, сараптау нәтижелерін ортаға салып, әріптестерімен тәжірибе алмасып, жүйелі пікірлерін білдірді. Олар өңірлік деңгейде туберкулезге қарсы шараларды жетілдіру үшін қажетті нақты ұсыныстар легін ұсынды.

Басқосу соңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жиында айтылған барлық пікірлер мен ұсыныстарды назарға алатынын атап өтті. Ол өңірде туберкулезге қарсы күрес бағытындағы жұмысты жаңа сапалық деңгейге көтеру қажеттігін баса айтып, мониторингтік топтың сараптамалық қорытындылары мен әдістемелік ұсынымдарының облысымыздың денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге айтарлықтай серпін беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ жиын қорытындысында кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының ұсынымдары негізінде облыстағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары және облыстық фтизиопульмонология орталығы сияқты мүдделі тараптардың қатысуымен жылдық іс-шаралар жоспары әзірленетіні айтылды. Аталған құжат салалық сарапшылардың тікелей қатысуымен дайындалатын болады және ол өңірлік деңгейде туберкулезге қарсы күресті жүйелеу мен оң нәтижеге қол жеткізудің басты құралына айналмақ.

Жалпы алғанда туберкулез секілді әлеуметтік маңызы бар дертпен күресте ғылыми негізделген әдістемелік қолдау мен жүйелі мониторингтің маңызы зор. Өңірімзде өткен бұл маңызды жиын соның айғағы деуге болады. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстардың нақты жоспарлармен бекітіліп, нәтижелі жүзеге асырылуы елдің денсаулығын нығайтуға қосылған елеулі үлес болмақ.

 

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау

басқармасының баспасөз қызметі