Ангинаға жеңіл-желпі қарамаңыз
Жаз-күз, күз-қыс айларында тыныс жолдарының ауруы көбейетіні белгілі. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында кең таралған ангина ауруы өршіп кетеді. Жалпы ангинаны көпшілік аса елей қоймайды. Бірақ қай аурудың болсын жақсысы жоқ. Себебі дәрігерлердің айтуынша, дұрыс емделмеген ангина кейін жүрек пен бүйрекке ауыр зардап келтіруі мүмкін.
Ангина – жоғарғы тыныс алу жолдарының кең таралған әрі жұқпалы ауруларының бірі. Ауру көбіне стрептококк бактериясының әсерінен туындайды. Сонымен қатар тұмау, парагрипп, аденовирус секілді вирустар, кейде хламидия мен саңырауқұлақтар да ангинаны қоздыруы мүмкін. Аурудың маусымдық сипатына келсек, күз бен қыс, көктем айларында жұқтыру қаупі жоғарылайды. Ал басты мәселе – ангинаны көпшілік жай «тамақ ауырды» деп қабылдап, дер кезінде дәрігерге көрінбей, ауруды асқындырып алуы.
Дәрігер Нұрлан Досболовтың айтуынша, ангина – жеңіл-желпі қарауға болмайтын дерт.
Ангинаның алғашқы белгілері – бас ауырады, әлсіздік пайда болады, қалтырау байқалады, жұтынғанда тамақ шаншып ауырады. Дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, тәбет жоғалады. Ауыз қуысы мен көмей аралығындағы таңдай бездері (бадамша бездер) ісіп, қызарып, бетіне ақшыл жабын немесе ірің жиналады.
Аурудың инкубациялық кезеңі – 1-2 күн. Алғашында тамақ тек жұтынғанда ғана ауырса, бірнеше сағат ішінде үнемі ауырып тұратын болады. Төменгі жақ асты лимфа түйіндері де үлкейіп, сипағанда ауырады. Аурудың осы секілді алғашқы белгілері байқала бастағанда көп адам өздігінен емделуге тырысады. Бірақ бұл дұрыс емес. Себебі, мамандар ангинаның белгілері кей жағдайда дифтерия, жұқпалы мононуклеоз, фарингит немесе ларингит сияқты ауруларға өте ұқсас екенін айтады. Ал бұл сырқаттардың емдеу тәсілдері мүлде бөлек. Сондықтан нақты диагнозды тек маман ғана қоя алады. Дәрігер көбіне тамақтан жағынды алып, стрептококк бар-жоғын анықтайды, қосымша қан, зәр анализі, қажет болса иммунограмма мен антистрептолизин О (АСЛ-О) анализін тағайындайды.
– Ангина бірден антибиотиксіз жазыла қоймайды. Әсіресе бактериалды формада ауырғандар үшін антибиотик – негізгі ем. Бірақ оны дәрігердің нұсқауынсыз, өз бетімен қабылдау өте қауіпті.
Негізі ангинаның катаральды, фолликулярлы, лакунарлы, іріңді ангина секілді бір-бірінен айырмашылығы көп бірнеше түрі болады. Түріне қарай емдеу тәсілі де өзгеше екенін ескеру керек. Мәселен катаральды формада науқас үй жағдайында емделсе де сауығып кете алады. Ал іріңді, лакунарлы ангина міндетті түрде дәрігер бақылауымен емделуі тиіс. Кей жағдайда бадамша безді жарып, іріңін сыртқа шығару шағын операцияны қажет етеді, – деген Нұрлан Досболов ангинамен ауырға кезде антибиотиктен бөлек, вирусқа қарсы ем, физиоем, ультракүлгін сәулемен емдеу, биоптрон процедуралары жақсы нәтиже беретінін жеткізді.
Сонымен қатар төсек режимін қатаң сақтау, жұмсақ, жылы, жұтқанға жеңіл тамақ ішу, жылы сұйықтықты молынан тұтыну – басты ұсыныстар қатарында. Түймедақ тұнбасымен, сода-тұз ерітіндісімен тамақ шаю, арнайы спрейлерді пайдалану да ауырсынуды жеңілдетуге көмектеседі. Бірақ тек тамақты шаю арқылы аурудан толық айығу көп жағдайда мүмкін емес. Дене қызуы 38 градустан жоғары болса, қызуды түсіретін дәрі ішкен жөн. Ал төмен болса ағзаның өзі күреседі.
Ангинаны көп адамдар фарингитпен немесе ларингитпен шатастырады. Фарингит – жұтқыншақтың шырышты қабаты мен лимфоидты тініне әсер ететін қабыну процесі. Фарингитпен сырқаттанғанда тамақ құрғайды, ашиды, ауызды ашу қиындайды, жұтынғанда шаншиды, тамақта бірдеңе тұрғандай сезіледі. Бірақ бездер ісінбейді, қызару мен пленка тәрізді жабынды байқалады. Ал ларингит кезінде дауыс қарлығады, кейін мүлдем шықпай қалуы мүмкін. Құрғақ жөтел мен тамақта тырнағандай ауырсыну ларингиттің негізгі белгісі. Жалпы ларингит темекі шегетіндер мен мұғалімдер секілді дауысқа күш түсіретін мамандық иелері арасында жиі кездеседі. Осы тұрғыдан келгенде, әр дертті бір-бірінен ажырата білу – дұрыс емделудің негізгі жолы.
Осы ретте аурудың алдын алудың жолын да ұмытпаған жөн. Гигиена сақтау, жеке ыдыс пен сүлгі пайдалану, дұрыс тамақтану, иммунитетті көтеру, уақытылы тісжегі мен гайморитті емдеу, денені шынықтыру, спортпен шұғылдану – бәрі ангинаға қарсы тұрудың табиғи жолы.
Ангинаны үй жағдайында емдеудің түрлі тәсілі бар. Үй жағдайында емдеудің басты мақсаты – ауырсынуды жеңілдетіп, инфекцияның таралуына жол бермеу. Ең алдымен, тыныштық пен жылы, жайлы орта қажет. Дене әлсірегенде иммунитет аурумен жақсы күресе алады. Сондықтан төсектік режимді сақтап, денеге күш түсірмеген жөн. Сонымен қатар тамақ ауырған кезде сорпа, жарма ботқасы, кисель секілді жылы әрі жұмсақ тағамдар жеу ұсынылады. Сұйықтықты көбірек ішкен дұрыс. Бұл ағзадан уыттарды шығаруға көмектеседі. Сонымен қатар, тамақты күніне бірнеше рет тұзды сумен немесе сода ерітіндісімен (1 стақан жылы суға жарты шай қасық тұз немесе сода) шаю өте пайдалы. Буын мен мойын тұсына жылы компресстер жасау да жеңілдік береді. Алайда дене қызуы көтерілгенде мұндай әдістерді қолдануға болмайды. Бал мен лимон қосылған жылы шай қабынуға қарсы әсер ететінін ұмытпаңыз.
Дегенмен аталған емдеу тәсілдері тек жеңіл түрдегі ангинада ғана көмектесуі мүмкін. Егер дене қызуы 3 күннен артық түспесе, тамақ қатты ісінсе немесе ірің байқалса, міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет.
Ангина – жай ғана тамақ ауруы емес. Ол дұрыс емделмесе, өмір бойы жалғасатын сырқаттарға ұласуы мүмкін. Сол себепті, адам денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алғашқы белгілер байқалғанда дереу маман көмегіне жүгіну керек. Сақтық – саулықтың кепілі екенін еш ұмытпаңыз.
Айжан ӨЗБЕКОВА