Жаңалықтар

Баспаналы болу мүмкіндігі артып келеді

Қарапайым халық үшін ең үлкен мәселенің бірі – баспаналы болу. Өйткені жер алып, үй салуға екінің бірінің күші жете бермейді. Бұған құрылыс заттарының дені сырттан келетіні, қымбатшылық, табыс пен нарықтағы баға арасындағы алшақтық әсер етіп жатқаны жасырын емес. Осындай қолбайлаулар, яғни нарық талабы үй салуға да, үй сатып алуға да шамасы келмеген көптеген отбасының арманын алыстата түсуде. Дегенмен мемлекеттің басты міндеті – қайткенде де халықты қолжетімді баспанамен қамту.

Осы мақсатта жыл сайын еліміздің барлық өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, мыңдаған отбасы жаңа пәтерге қоныстануда. Мемлекет жүзеге асырып отырған тұрғын үй саясатының арқасында пәтер алып, қоныстой тойлап жатқандар да жетерлік. Жастармен қатар, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген елуді еңсерген кейбір азаматтардың да баспаналы болуына елімізде жүзеге асырылып жатқан әртүрлі әлеуметтік топтарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы тиіп жатқанын айта кетуіміз керек. Нәтижесінде әсіресе көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар, жастар мен бюджеттік сала қызметкерлері қолайлы шарттармен баспана алу мүмкіндігіне ие болуда. Бұл бүгінде мемлекетіміздің халықты баспанамен қамтуға айрықша басымдық беріп отырғанын көрсетеді.

Халықты баспанамен қамтуда «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының атқарып отырған қызметі айрықша. 2025 жылдың 24 мамырынан бастап «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қою және есеп жүргізу қызметі толығымен «Отбасы банк» акционерлік қоғамына берілген болатын. Осыған байланысты тұрғындар арасында «Енді пәтер кезегіне әкімдік тіркемейді екен, бәрін «Отбасы банк» шешетін болыпты» деген пікір айтыла бастаған еді. Негізінде бұл жаңсақ әңгіме емес, заңнамадағы нақты өзгерістерге байланысты туындаған жаңалық. Сол себепті біз осы акционерлік қоғамның қашықтықтан қызмет көрсету департаментінің директоры Арсулан Черниязовпен онлайн байланыс арқылы тілдескен едік.

Арсулан Асылбекұлының айтуынша, Үкімет бекіткен бағдарламалар шеңберінде аталған қаржы институты миллиондаған қазақстандықтың өз баспанасына қол жеткізуіне жол ашып отыр. Білгеніміздей, қазіргі таңда мемлекет тарапынан тұрғын үй мәселесін жүйелі шешуге бағытталған заңнамалық өзгерістер мен жаңа тетіктер іске қосылған. Атап айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген соңғы түзетулер халықты баспанамен қамту ісінде жергілікті атқарушы органдардың рөлін нақтылап беріпті. Дегенмен, коммуналдық немесе жеке тұрғын үй қорынан берілетін жалдамалы пәтерлерді бөлу қалалық және аудандық әкімдіктердің құзырында қала бермек. Бүгінде тұрғындар пәтер алу үшін кезекке тұруда бұрынғыдай жергілікті жердегі әкімдіктерді жағаламайды. Бұл ретте жұұртшылық «Отбасы банктің» тиісті филиалына қайырылады немесе kezekte.kz электронды порталына жүгінеді. Банк пәтер кезегіне тұруға ниет білдірген адамның табысын, әлеуметтік мәртебесін тексеріп, тұрғын үйге мұқтаж екені расталған жағдайда жүйеге тіркеп, ресми түрде кезекке қояды.

Бір айта кетерлігі, бұл «әкімдіктердің рөлі азайды» дегенді білдірмейді екен. Коммуналдық тұрғын үйді бөлуді, санаттар бойынша іріктеуді және пәтерді нақты тағайындау жұмысын әлі де жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын көрінеді. Аталған жүйедегі өзгеріс мемлекеттік тұрғын үй саясатын цифрландыру, ашықтықты арттыру және жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып отырса керек. Барлық мәлімет бір ақпараттық жүйеге жинақталғанда пәтер кезегі бұрынғыдан да әділ жүзеге асырылады деген сенім бар.

Айта кету керек, берілетін тұрғын үйлердің кемінде 70 пайызы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға, өзге мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер мен жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жесір әйел мен тұл ер адам секілді әлеуметтік осал топтарға таратылады екен.

Осы тізімге қарап-ақ, еліміздегі халықты баспанамен қамту саясатының әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделгенін аңғаруға болады. Яғни, мемлекет қамқорлығы ең алдымен қолдауға зәру топтарға бағытталып отыр.

Кейбір азаматтар арасында «мемлекет баспананы тегін береді» деген жаңсақ түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Алайда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда мұндай норма қарастырылмаған екен. Бүгінде мемлекет ұсынатын негізгі қолдау тетіктері кейіннен сатып алу мүмкіндігімен тұрғын үйді жалға беру, жалдау ақысын субсидиялау, жеңілдетілген ипотекалық несие ұсыну, тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы жүзеге асырылады. Осы арқылы мемлекет адамның баспананы өз күшімен сатып алуына немесе жалдап тұруына жағдай жасауда. Бұл қолдаулардың барлығы белгілі бір тәртіппен және табыс деңгейіне қарай көрсетілуде. Мәселен, жалға алу ақысын субсидиялау құқығы тек әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға беріледі. Атап айтқанда, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баласы бар немесе тәрбиелеп отырған отбасы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ «Батыр ана» немесе «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар осы қолдау түріне ие болады. Бұл ретте әрбір отбасы мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы орташа табыс көлемі бір күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. 2025 жылы бұл шамамен 55 560 теңгені құрайды. Егер отбасы осы межеден төмен табыс табатын болса, жалдау ақысына арналған мемлекеттік субсидия алу мүмкіндігі бар.

«Отбасы банк» акционерлік қоғамы қашықтықтан қызмет көрсету департаментінің оператор-консультанты Әнеля Әлібаева жалдамалы тұрғын үй мен жеңілдетілген ипотеканы беру тәртібі де нақты санаттарға бөлініп белгіленгенін айтады. Жергілікті атқарушы орган арқылы жалға берілетін баспаналар ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға бағытталады екен.

«Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтановтың айтуынша, облыста 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Аталған құжат аясында өңірімізде нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Мәселен, 2025 жылдың сәуір айында өңірде 486 пәтерден тұратын 11 тұрғын үй нысаны пайдалануға беріліпті. Осындай пәтерлерге ие болуда тұрғын үй кезегінде тұрған барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алады.

Бүгінгі таңда мемлекет баспана мәселесін түбегейлі шешудің жолын қарастырып, азаматтарға лайықты жағдай жасауға күш салуда. Жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар, халықты қолдау тетіктері мен цифрлық жүйе пәтер бөлу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ететіні анық. Бұл ретте әр азамат өз құқығын біліп, қай санатқа жатады, сол бойынша құжаттарын рәсімдеп, баспаналы болу жолында белсенділік танытуы тиіс.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ