Бала мейірімге мұқтаж болып өспеуі керек
Еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін күрделі мәселелердің біріне айналды. Алғашында қайғылы оқиғалардың басты себебі ретінде ҰБТ, компьютерлік ойындар, атышулы «Көк кит» ойыны аталатын. Қазір себептерінің ауқымы кеңейген. Сарапшылардың пікірінше, себепті сырттан іздемей, отбасындағы қарым-қатынасты жақсартып, тәрбиеге мұқият қараған жөн.
Қазақстан қоғамдық даму институтының зерттеулеріне сүйенсек, сауалнамаға тартылған респонденттердің 13,8 пайызы туыстары немесе таныстары арасында баланың немесе жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау фактілері болғанын айтқан. Мұндай қайғылы оқиға жиі байқалған өңірлердің көш басында Алматы (25,4 пайыз), Астана (19 пайыз), Шымкент (16 пайыз), Қарағанды облысы (21,2 пайыз), Батыс Қазақстан облысы (17,2 пайыз), Атырау облысы (15,4 пайыз) тұр.
Респонденттердің пікірінше, балалар мен жасөспірімдерді суицидке итермелеуге негізінен күштік және психикалық зорлық-зомбылық (30 пайыз), ата-аналар тарапынан түсіністік пен қолдаудың болмауы (29,2 пайыз), достарының немқұрайдылығы (28,3 пайыз) себеп болып жатады екен. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың төрттен бірінен астамы (27,3 пайыз) компьютер мен интернетке тәуелділікті басты мәселе ретінде атап өткен.
Осылайша, еліміз үкіметтік деңгейдегі үлкен істерді қолға ала бастады. Түрлі бағдарлама жүзеге асырылып, оқушылардың әр адымын аңдып жүретін жағдайға жеттік.
Биыл жыл басында бұрынғы вице-премьер Тамара Дүйсенова журналистер сұрағына жауап бере келе, мектептерге фин бағдарламасы енгізіліп, ол бойынша ақпан айының соңында өрескел және қайғылы жағдайдың себептері белгілі болатынын айтқан еді.
Психологтер балалар суицидіне үйдегі ұрыс-керістің де себеп болып жатқанын жиі айтады. Яғни ата-ананың бір-бірімен жанжалдасуынан бөлек, олардың балаға деген қатал, қатыгез қарым-қатынасы оны өмірден қажытып, тығырыққа тірейтіні аян.
Психолог Мөлдір Сабырбекова ата-ананың баламен ашық сөйлесуі, бүкпесіз әңгімеге тартуы суицидтің алдын алудың алғашқы қадамы деген пікірін жеткізді.
Оның айтуынша, мектеп жасындағы оқушы ойын түсінікті етіп жеткізе алмайтын кезеңде болады екен. М.Сабырбекова ересектердің балаға түсіністік танытпауына қазақы ортаның да менталитеті әсер етпей қоймайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, бала қоғаммен тығыз байланыста болғандықтан, мектеп ішіндегі мамандардың психологиялық жай-күйге қатысты қолға алған әрбір іс-шарасы құнды.
Сондай-ақ М.Сабырбекованың психолог маман ретінде ата-анаға айтар кеңесі бар.
Осы ретте айта кетейік, елімізде отбасы, әйелдер және балалардың құқын қорғау мәселелері бойынша бірыңғай сенім телефоны іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары «111 – Amanat» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласа алады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ