Жаңалықтар

«Ауыл – ел бесігі»: құрылыс қарқынды, сапа қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Баянды бастама арқылы көптеген елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық дамуы қамтамасыз етіліп, шалғайда жатқан ауылдардың ажары ашыла түсті.

ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ҚАШАН ДА ҚАЖЕТ

Облысымызда да жарқын жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде ауыл көшелері жөнделіп, су құбырлары тартылды, мектептер мен медициналық пункттер күрделі жөндеуден өтті, мәдениет үйлері қайта жаңғыртылды. Жаңа спорт алаңшалары бой көтеріп, жастар мен оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашылды.

Рас, «Ауыл – ел бесігі» жобасының арқасында құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озды. Алайда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы қандай? Бұл сұраққа баса назар аударуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені осындай ауқымды жұмыстың сапалы атқарылуы қай кезде де қатаң бақылауды қажет ететіні белгілі. Қаражат игеру үшін істің үстірт атқарылуына жол беруге болмайтыны тағы бар. Осы ретте қиюы қашқан тірлік болса қоғам белсенділері мен өз ауылына жаны ашыған жергілікті азаматтардың мәселе көтеруі, әсіресе партиялық бақылаудың рөлі ерекше екенін айта кеткен жөн. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы көп жылдан бері жүйелі жұмыс атқарып келе жатқаны баршаға мәлім. Партия жанындағы мониторингтік топтар, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері жобаның орындалу барысын қадағалап, халықпен кері байланыс орнатып, түйткілді мәселелерді дер кезінде көтеріп отырады. Сондықтан да ауылға деген жанашырлық тиісті жұмыстың сапалы атқарылуын қамтамасыз ететін қоғамдық бақылаумен де өлшенуі тиіс.

Мысалы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Бақыт Әлмұратов елдің ертеңі үшін қолға алынған мұндай ауқымды жобалар тек нақты нәтиже бергенде ғана өз маңызын арттыра түсетінін айтады.

 

ЖҮЗЕГЕ АСУЫ МҰҢ БОЛҒАН ЖОБАЛАР

Әрбір ауыл мемлекеттің қамқорлығы мен назарында десек, ауылды дамытуға бөлінген қаражаттың бір тиынына дейін тиімді жұмсалуы, жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы маңызды. Алайда мәселе біз ойлағаннан басқаша екен. Мәселен, өткен жылы Шу ауданы бойынша 1 миллиард 955 миллион 557 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражаты қамтылып, оның ішінде 373 миллион 571 мың теңге қалпына келтіруге жататыны анықталған. Бүгінде соның 276 миллион 48 мың теңгесі мемлекет бюджетіне қайтарылғаны белгілі болған. Ал айырмасы ретіндегі 97 миллион 523 мың теңгеге қатысты тиісті органдар тарапынан нұсқамалар жолданып, бақылауға алыныпты.

Сондай-ақ Байзақ ауданының Түймекент, Дихан, Суханбаев, Үлгілі, Көктал және Құмжота елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 7,6 шақырымды құрайтын жолдарды жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Сараптама нәтижесі жолдардың бірқатар бөлігінде елеулі кемшіліктер кеткенін көрсеткен. Ал Жамбыл ауданында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сай әзірленген жол картасында 7 спорт кешенінің құрылысын жүргізу көзделсе, тек үшеуінің ғана құрылысы басталған екен. Айша бибі ауылындағы спорт кешені 2021 жылы, ал Жалпақтөбе, Пригородное және Гродеково ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылысы 2022 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда тиісті қаржы толық көлемде бөлінбей, құрылыс жұмыстары 2023 жылға шегерілген көрінеді. Бұдан бөлек, Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да белгіленген мерзімінде аяқталмаған. Нысан биыл тапсырылуы тиіс еді. Алайда спорт кешенінің жобасы тиісті стандарттарға сай болмай шыққандықтан, салалық басқарма тарапынан қолдау таппаған. Салдарынан нысанды тапсыру мерзімі 1,5 жылға кешіккен. Сөйтіп 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріліпті.

– Меркі ауданы, Сарымолдаев ауылдық округінде салынуы керек болған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жалпы құны – 394,1 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталып, қазірге дейін бар болғаны 75 пайызы ғана аяқталған. Жауапты мердігер «DAUREN BILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 358,8 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Спорт кешенінің құрылыс жұмыстары 2024 жылдың 5 мамырында қайта басталып, бүгінгі күнде белгісіз себептермен қайтадан тоқтап қалған. Нысанның құрылысы бітпей, орта жолда тоқтап қалуы партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген көрсеткіштің орындалмай қалуына қауіп төндіріп тұр. Сонымен қатар Қордай ауданы, Қақпатас ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы бойынша 2022 жылдың 29 шілдесінде «ПМК-109» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталған. 2022-2023 жылдары 332 167,0 мың теңге қаржы игерілген. Аталған нысан бойынша 2022 жылы 26 шілдеде №39 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша 2 ай мерзім ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға және объектіні пайдалануға беруге міндеттелсін деп сот шешімі шығарылған. Алайда көрсетілген мерзімде жұмыс аяқталмай, тапсырыс беруші тарапынан қайта сотқа берілген. Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстардың жалпы көлемі 90 пайызды құрайды.

Сол секілді Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр ауылында 90 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 193 миллион теңге игерілді. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталуы 75 пайызға тең. Нысан бойынша қаржыландыру толық берілмеген. Құрылыстың белгіленген мерзімде аяқталмау қаупі бар.

Осыған ұқсас Шу ауданы, Қонаев ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2022 жылға ауыспалы. Құрылысты аяқтауға республикалық және облыстық бюджеттен 109,6 миллион теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы Жаңа жол ауылында мәдениет үйін салуға 155,1 миллион теңге сомасына өтінім берілсе, әлі күнге дейін белгісіз себептермен аталған қаражат бөлінбеген.

Байзақ ауданында атқарылған жұмыстардың барысында да бірқатар кемшілікке жол берілген. Атап айтқанда, өткен жылы Көктал ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен мердігер мекеме жұмысты сапасыз атқарған. Нысанның шатырынан су аққан. Су ағатын суағарлар дұрыс орнатылмаған. Осы сияқты тағы да басқа кемшіліктерді атай беруге болады.

Сондай-ақ Жамбыл ауданы, Рахат ауылындағы Оспанқұлов көшесін орташа жөндеу жұмыстары келісімшартқа сәйкес жүргізілу керек еді. Бұл жұмыстар белгіленген мерзімінде тапсырылмаған. Сондай-ақ аталған аудандағы «Ерназар – Қойгелді» бағытында салынған жолдың да сапасы сын көтермейді. Жыл сайын жауапты мердігер «ТехСтройИнжиниринг» серіктестігінің өкілдері жолдың бүлінген жерлерін жамап әлекке түсуде. Жаңатас қаласындағы жол бойындағы арық тротуарларын орнату бойынша да жұмыстар сапасыз жүргізілген. Зерделеу кезінде 11 метр шіріген труба салынғаны белгілі болды. Трубаларды ауыстыру туралы уақытында ұсыныс берілген.

Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында орналасқан Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жобаның смета бойынша құны – 260,9 миллион теңге. Мектеп ғимаратының жылу жүйелері бүгінгі таңда өте нашар күйде тұр. Олай дейтініміз, биылғы қыста мектеп ғимаратының жылу жүйесі толық қуатта жұмыс істей алмады. Яғни, жылу қазандығы дұрыс салынбаған және жылу жүйелері дұрыс жүргізілмеген. Сонымен қатар Айдарлы ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да көңіл көншітпеді. Тапсырыс беруші – Мойынқұм ауданы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі. Жобаны іске асыру мерзіміне келсек, 2022 жылғы тамызда басталып, 2025 жылдың 31 мамырында ел игілігіне ұсынуға дайын болуы қажет еді. Жауапты мердігер «Нұрбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды бүгінгі күнге дейін пайдалануға бермеген. Өйткені мердігер 2022 жылғы №48 «құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы» жасалған шартқа сәйкес шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Жұмыстарды орындау мерзімі – 11 ай. Яғни 2023 жылғы 30 қыркүйекке дейін белгіленген болатын. Осы нысан бойынша ашық конкурс тәсілімен өткізілген мемлекеттік сатып алу жеңімпазын айқындау қорытындысына сәйкес «ТУНАС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі конкурсқа қатысушының наразылық білдіруіне және облыс бойынша мамандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз беруіне байланысты аталған соттың 2022 жылғы 5 қазандағы ұйғарымына сәйкес мердігерді хабардар ете отырып, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған. Талапкердің талап-арызды қайтарып алуына байланысты құрылыс жұмыстары 2022 жылдың желтоқсан айының соңында, яғни 3 айдан кейін қайта басталған. Алайда құрылыс жұмыстары тағы уақытында аяқталмаған. Құрылыс жұмыстары біраз уақытқа тоқтап қалған.

Партияның Мойынқұм аудандық мәслихатындағы фракция депутаттарының араласуымен құрылыс жұмыстары қайта жанданған. Нысанды пайдалануға беру мерзімі тағы 2025 жылғы 31 шілдеге дейін ұзартылған.

Айта берсе осындай мысалдар жетерлік. Негізінде мұндай қоғамдық бақылау жұмыстары сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін айта кетуіміз керек, – дейді Б.Әлмұратов.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Меркі ауданы, Меркі ауылында «Балауса» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу үшін 225 941,0 мың теңге бөлініпті. «ШАХ» ЖШС мекемесі 204 489,8 мың теңге ұтып алған. Құрылыс жұмыстарын «ШАХ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылдың маусым айында бастаған. Келісімшартқа сәйкес 2022 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Алайда құрылыс жұмыстары уақытылы бітпеген. Яғни, 5 айға кешіктіріліп, 2023 жылдың 6 мамырында аяқталған. Аталған ғимараттың жылыту жүйесін жаңарту жобалық-сметалық құжаттарда қаралмаған. Жылыту жүйесі ғимарат ішінде орналасқан. Қыс мезгілінде жылыту жүйесі іске қосылғанда балалардың өміріне өте қауіпті екендігі мәлім болыпты.

2023 жылдың тамыз айында Талас ауданының Ойық ауылында спорт кешені бой көтергені баршаға мәлім. Жоспар бойынша нысан 2024 жылдың наурыз айында тапсырылуы керек болған. Бірақ белгісіз себептермен кешіктіріліп, өткен жылдың желтоқсан айында белгіленген кестеден кешіктіріліп, қолданысқа берілген екен.

АУДИТОРЛЫҚ ТЕКСЕРІС АУАДАЙ ҚАЖЕТ

 

Аудиторлық тексеріс нәтижесі арқылы халықтың қаржысы қайда жұмсалып жатқанына көз жеткізуге болады. Облыс бойынша тексеру комиссиясының аудиторлық бағдарламаға сәйкес тексеру жүргізе алатыны белгілі. Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан жүргізілген зерделеу барысында, яғни 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 2023 жылдың маусым айын қоса есептегендегі аралықта «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 5 мемлекеттік аудит объектісінде бұзушылықтар анықталыпты. Тексеру комиссиясы тарапынан жоғарыда аталған бұзушылықтарды қалпына келтіру бойынша тиісті мекемелерге нұсқама жолданған. Қазіргі таңда нұсқама талаптары орындалып жатқан көрінеді.

Департамент жобаның жүзеге асырылу барысы бойынша 643 228,6 миллион теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтардың орын алғанын дәлелдеген. Мысалы, 2024 жылы Шу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Азаматтық кодекстің 632-бабының 1-тармағын бұзған. Шарттың 4.1-тармағының 1-тармақшасы, Бюджет Кодексінің 97-бабының 6-тармағын бұза отырып, «Монтажник» ЖШС-нің 427 мың теңге сомасына құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындауына жол берген. Талас ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де 136 912,10 миллион теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарға жол берген. Осындай заңбұзушылықтар бір қатар аудандарда да орын алыпты.

Кеткен кемшіліктерді «AMANAT» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының жұмысшы тобы анықтап отыр. Ендігі кезекте аудандар осы сыннан сабақ алып, істі ширата түссе игі.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ