Жаңалықтар

«Депутаттарға қойылатын талап жоғары»

Қоғамның дамуында депутаттардың атқаратын рөлі айрықша. Сондықтан да жұртшылық өзі сайлаған халық қалаулысының түрлі мәселенің түйінін тарқатуда белсенді болуын қалайтыны анық. Сол үшін де депутаттарға артылатын жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Осы ретте мәслихаттардың қоғамдағы орны, депутаттың негізгі міндеттері туралы Тараз қалалық мәслихатына «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан сайланған депутат Руслан Мырқалықовпен сұхбаттасқан едік.

– Кейінгі кезде жергілікті мәслихаттардың мәртебесін көтеруге баса көңіл бөліне бастағалы депутаттарға қойылатын талап та күшейді. Сіздіңше депутат болудың жауапкершілігі қандай?

– Мәслихаттар – халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасындағы заңнамаға сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Жалпы олардың функциялары бірнеше бағытты қамтиды. Жергілікті деңгейдегі атқарушы биліктің жүзеге асыратын барлық шешімдерін бекітеді. Ал әр деңгейдегі мәслихаттар корпусының беделді әрі ықпалды болуы депутаттық құрамға тікелей байланысты. Сондықтан бүгінде депутаттарға қойылатын талаптар күшейе түсті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады» деп, мәслихаттардың мәртебесін көтеру керектігін еске салғаны мәлім.

Қазір барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық корпус толықтай жаңарған. Елімізде жүргізілген саяси реформалардың нәтижесінде қоғамдық көзқарасы қалыптасқан белсенді азаматтардың бір мандаттық жүйемен жергілікті мәслихаттарға сайлануына мүмкіндік туды.

Саяси реформадан кейін қабылданған Сайлау заңнамасы депутаттарды белсенді жұмыс істеуге міндеттеп отыр. Себебі императивті мандаттың талабы осындай. Сондықтан депутаттар сайлаушылармен өзара байланысын нығайтуға міндетті. «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңда бір мандатты округ бойынша сайланған депутаттың сайлау бағдарламасын орындауы керектігі көрсетілген.

– Жалпы депутаттың сайлаушылар алдындағы міндеттері қандай? Халықпен кері байланыс жүйесі жемісін беріп жатыр ма? Кезінде өзіңізді сайлаған халықты ұмытып кеткен жоқсыз ба?

– Депутаттардың жұмыс формасы – сайлаушылармен кері байланыс орнату. Мәслихат тұтастай алғанда, халықтың тілегі мен үнін жеткізуші сайланбалы орган екені белгілі. Ал мәслихат корпусындағы депутаттар ел мен билік арасында алтын көпірге айналуы тиіс.

Өзім сайланған округтің тұрғындарымен әр уақытта кері байланысқа шығып, өтініш-тілектерін назарға алып отырамын. Депутат болған күннен бастап әр көшенің белсенді азаматтарын жинап, «WhatsАpp» әлеуметтік желісінде ортақ чат аштым. Сол чатта тұрғындармен қай көшеде қандай өзекті мәселе бар екенін анықтап, оны дер кезінде талқылаймыз. Шұғыл жағдайлар болса, жедел шешуге тырысамын.

– Бүгінге дейін тұрғындардан қанша өтініш-сауал түсті және қаншасы шешімін тапты?

– Өзім сайланған №8 сайлау округіне қарасты және қаламызға ортақ түйткілді мәселелермен таныспын. 2023-2024 жылдары тұрғындармен бірнеше рет кездесіп, бірқатар мәселелерді көшпелі қоғамдық қабылдауда талқыладық. Соның негізінде есепті кезеңде қала және облыс әкімдеріне, басқа да тиісті мекемелердің басшыларына жалпы 27 депутаттық сауал жолдадым.

Депутаттық сауалымды жолдап, көтерілген мәселелерді бақылауға алғаннан кейін бірқатары шешімін тапты. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Крылов көшесіндегі №20 мектепке қатысты 5 мәселенің үшеуі шешімін тапты, яғни көше бойындағы талдар кесілді, көше жарықтандырылды, мектеп алдындағы жолға асфальт төселді. Алдағы уақытта Қаллауыр Әкім көшесінен мектепке дейін тротуар және мектеп жанынан автотұрақ салу ұсынысы бойынша қазір тиісті тараптармен келісімдер жүргізілуде. Қаладағы заңсыз орналасқан дүңгіршектерге тиісті шаралар қолдану бойынша жолдаған сауалым негізінде тиісті жұмыстар қол алынды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қаулысы негізінде өткен аптада арнайы жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары басталды.

«Зербұлақ» көлін және оның аумағын жеке кәсіпкерлерге, оның ішінде қоғамдық демалыс орындарына арналған жерлердің жекеменшік инвесторларға, көпқабатты тұрғын үй салуға берудегі талаптар қайшылығы туралы қала прокурорына, қала әкіміне жолдаған сауалым қаралу үстінде. «Үшбұлақ» каналын механикалық тазалаудан өткізу, кіші көпірлерді жөндеу туралы мәселе де өз шешімін тапты. Сонымен қатар Гоголь көшесінің бұрылысындағы балалар ойын алаңшасына тұрғындар және «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының Жастар кеңесі мүшелерімен бірге тазалық жұмыстарын жүргіздік.

Сондай-ақ,2023 жылғы жолдаған депутаттық сауалым бойынша Сәмен Дәненұлы көшесіне 2025 жылдың мамыр айында асфальт төселді. Комратова, М.Х.Дулати көшелерін асфальттау және Қаллауыр Әкім көшесіне тротуар салу 2025 жылдың құрылыс жоспарына енгізілді.

Бұдан бөлек, 2024 жылы Қазақстан Республикасының заңнамаларына қатысты 3 ұсыныс әзірлеп, жолдадым. Қалалық мәслихаттың 26 сессиясынан басқа «дөңгелек үстел», конференция форматындағы 21 жиынға қатысып, әлеуметтік мәселелер мен инфрақұрылымды жаңғырту салаларына қатысты мәселелер көтердім. Оның ішінде «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтың атына жолдаған «Жергілікті мәслихаттардың мәртебесін көтеру үшін әкімдіктерден дербестік алу» туралы ұсынысым қазіргі күні аса маңызды мәселе деп ойлаймын. Менің ұсынысымның негізінде Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы Үкімет басшысына бірнеше рет сұрақ қойды. Жалпы мәслихаттар аппаратының бюджеті әкімдіктерге тәуелді. Жергілікті мәслихаттардың сессиялары, тұрақты комиссиялардың отырыстары да әкімдіктің мәжіліс залдарында өтеді. Кей кездерде әкімдіктің жұмыс кестесіне қарауымызға тура келеді. Ал мәслихаттардың дербестігін қамтамасыз ету әрі беделін арттыру үшін сайланбалы орган өз алдына бөлек болғаны жөн.

– Қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, басы-қасында жүресіз. Білуімізше, бірнеше комиссия, өңірлік кеңестің мүшесісіз. Қоғамдық жұмыстардың халықтың өтініштері мен тілектерін тиісті органдарға жеткізуге тигізетін септігі бар ма?

– Тараз қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының мүшесімін. Бұдан бөлек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңеске мүше болып сайланғанмын.

Кеңестердің жұмысы қоғамдық негізде жүргізілгенімен, олардың да белгілі өкілеттігі бар. Сондықтан кеңес отырыстарында қаламыздың, облысымыздың дамуына кері әсерін тигізетін түйткілдерді көтеріп отырамын. Назарға алынған мәселеге қозғау салып, әрі қарай шешімін табуын бақылауда ұстаймын.

– Көптеген қайырымдылық іс-шараларға атсалысып, демеушілік көмек көрсетіп келесіз. Бүгінге дейін қанша ұйымға, қанша адамға қолдау жасадыңыз?

– Қолдауға мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу, көмектесу менің өмірлік ұстанымым деуге болады. Олар қоғамның мейіріміне зәру жандар. Көрсеткен қайырымдылық көмектерім туралы көбінде жариялай бермеймін. Бүгінге дейін жалпы саны 20-дан аса қайырымдылық іс-шараларына қатыстым. Өз бастамаммен бірнеше рет мұқтаж жандарға қолдау-көмек көрсеттім.

– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

 

Сұхбаттасқан

Нұрым СЫРҒАБАЕВ