Жаңалықтар

Байзақта жұртты алаңдатқан мәселе көп

Байзақ ауданында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі игілігі мол жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Нәтижесінде ауданда инфрақұрылым жақсарып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, сан салада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Дегенмен халықты алаңдатқан түйткілді мәселелер де жоқ емес. Әсіресе жол сапасы, ауызсу тапшылығы, жарық жүйесіндегі ақаулар мен қоғамдық көлікке қатысты мәселелер тұрғындардың арқасына аяздай батып отыр.

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫН ЖҮРГЕН БІЛЕР

Редакциямызға Байзақ ауданының тұрғындары жиі хабарласып, уәжін білдіріп жататыны бар. Тұрғындардың көтеретін мәселелері де сан түрлі. Соның бірі – Үлгілі ауылы маңындағы жаяу жүргіншілер жолағына қатысты жайт. Байзақ ауданына баратын үлкен жолмен күндіз-түні жоғары жылдамдықпен жүйткіген көліктер Үлгілі ауылы маңындағы жаяу жүргіншілер жолағын пысқырып та қарамайтын көрінеді. Оған бір себеп, жаяу жүргіншілер жолағы сызығының анық көрінбеуі және тиісті жол белгісінің жоқтығы. Салдарынан бірнеше рет жазатайым оқиға да орын алыпты.

Сол секілді аудандағы Түймекент, Дихан, Суханбаев, Үлгілі, Көктал, Құмжота елді мекендеріндегі жол жөндеу жұмыстарының сапасы көңіл көншітпей отыр екен. Сараптама нәтижесінде осы жолдардың біразында елеулі кемшіліктер бар екені анықталған. Ал Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев аталған мәселелердің назарда екенін айтады.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген бір миллиард теңге қаржыға 45 көше жөнделіп жатыр екен. Негізінен мемлекет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Байзақ ауданында арнайы өкім қабылданған. Өкім аясында ең алдымен автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша жасалатын келісімшарттардың кепілдік мерзімі екі жылдан үш жылға ұзартылған. Екінші бағыт ретінде кепілдік мерзімі бар жол-құрылыс және орташа жөндеуден өткен көшелердің сапасына мониторинг жүргізіліп, жобаға сәйкес акт толтырылып, анықталған ақаулар бойынша мердігер тарапынан кепілдік міндеттемелер аясында жөндеу жұмыстары жүргізілетіні белгіленген. Үшінші тармақ бойынша егер мердігер мен авторлық және техникалық қадағалаушылар тарапынан сапасыз жұмыс орын алса, келісімшарттың шарттарын бұзғаны үшін олар айыппұл ретінде жалпы сома көлемінің 5 пайызына дейін өтемақы төлейді. Бұл талаптардың барлығы келісімшарт мазмұнына енгізілген. Сонымен қатар жасалған келісімдердің кепілді талаптарын тоқсан сайын техникалық қадағалау арқылы тексеру қарастырылған. Көктемгі жөндеуге жоспарланған жолдар туралы ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдын ала жариялау да тапсырманың бір бағыты болып отыр.

Сапаны нақтылау және бақылау мақсатында арнайы сараптамалық мекемемен келісім жасалып, жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жақында ғана «Алмалы Ресорт» демалыс орнына апаратын жол жөнделген. Бұл жолдың жартысы, яғни 12,5 шақырымы Байзақ ауданына, қалғаны Жамбыл ауданына тиесілі. Туризм нысаны болғандықтан, аудандық және облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, жол сапасын зерттеген зертхана мамандары 5 түрлі ақау анықтап, оны актілеген. Нәтижесінде мердігер мекемеге қайта жөндеу бойынша ресми шағым жолданған. Осы ретте аудан бюджетінен қосымша қаржы бөлініп, сапаны бақылайтын кәсіби мамандар тартылған. Мұндай жүйелі бақылау облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тек Байзақ ауданында ғана емес, өзге аудандарда да қолға алынған.

 

ТҰРҒЫНДАР НЕГЕ НАРАЗЫ?

 

Аудандағы өзекті мәселенің бірі – құрылыс жұмыстарының сапасыздығы. Мәселен, өткен жылы Көктал ауылында күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі ғимаратының шатыры жаңбыр суын өткізіп, суағар жүйесінің дұрыс орнатылмағаны анықталған. Бұл олқылықтар мердігер мекеме тарапынан кеткен салғырттықтың салдары болуы мүмкін деген пікірлер айтылуда.

Олжас Елебекұлының сөзіне сүйенсек, ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мердігер мекеменің кепілдік міндеттемесі бар. Сол себепті анықталған ақауларды мердігер өз есебінен қайта жөндеп, кемшіліктер қалпына келтірілген.

Аудан тұрғындарын қажытқан мәселелер мұнымен бітпейді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Байзақ ауданы, Бурыл ауылы тұрғындарының көшеге шығып, кешкі уақытта ауызсудың берілмейтінін, көше жарығы мен жол мәселелері бойынша наразылығын білдірген видеолары тарап, қызу талқыға түскен болатын.

Наразы халықтың мәселесін көтеріп, аудан әкімдігінен нақты жауап алу үшін сұрау салдық. Олжас Елебекұлы Бурыл ауылдық округі бойынша бүгінгі таңда бірқатар жұмыстар қолға алынып жатқанын айтты. Округтегі 2300-ден астам аулада шамамен 13 мың тұрғын тұрады. Былтырдың өзінде ғана Бурыл ауылына әртүрлі жобалар аясында 267 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы 4 көшенің жолын жөндеуге, 7 көшені жарықтандыруға, 2 футбол алаңшасын және 1 ойын алаңын орнатуға, сондай-ақ 1 бейнебақылау камерасын орнатуға жұмсалған.

Айта кетейік, қазіргі таңда аудан орталығы Сарыкемер ауылында 30 мыңнан астам халық тұрады. Бұл қала мәртебесін алуға лайықты көрсеткіштердің бірі. Осыған орай Сарыкемерге қала мәртебесін беру мәселесі де қоғамда қызу талқылануда.

Ресми статистика бойынша Сарыкемерде 32 мыңнан астам адам тұрады. Әрине, аз көрсеткіш емес. Дегенмен, қазіргі таңда басты назар инфрақұрылымды дамыту мен тұрғын үй құрылысын ілгерілетуге аударылып отыр екен. Мысалы, аудан әкімдігі биыл Сарыкемер ауылында 50-ден астам көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлапты. Оның алғашқысы – бір көпқабатты үй осы жылы салына бастайды. Сонымен қатар кезекте тұрған азаматтарға арнап тағы 120 тұрғын үй салынбақ. Яғни, баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Ал елді мекеннің қала құрамына қосылу немесе жеке қала мәртебесін алу мәселесі әзірге қарастырылып жатпаған сыңайлы.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ