Таразда 107 үміткерге қайтарымсыз грант тағайындалды
Business.enbek.kz порталында 21 мамырдан бастап Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде бірінші лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталған болатын. Республика бойынша бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарлануда.
Тараз қаласы бойынша грантқа 295 үміткерден өтініш келіп түсіп, 9-11 маусым аралығында үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Нәтижесінде 107 үміткердің бизнес жобасына мемлекеттік қайтарымсыз гранттың қаражаты тағайындалды.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант тағайындалған 107 үміткердің ішінде мүмкіндігі шектеулі – 19 үміткер, көпбалалы отбасы – 64 үміткер, асыраушысынан айырылған – 9 үміткер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 4 үміткер, ерекше бала күтімімен отырған 11 үміткер бар.
Айта кетейік, гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Гранттың мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті (1 572 800 тенге) құрайды. Әр қатысушы грантты тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы