Шаруалар Алматы облысында тәжірибе алмасты
Алматы облысында алғаш рет «Тұрақты ауылшаруашылығы: органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту» тақырыбында Егінжай күні өтті. Ауқымды іс-шараны Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды.
Жиынға Ауылшаруашылығы вице-министрі, Алматы облысының әкімі, халықаралық және отандық ғалымдар, сарапшылар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, сондай-ақ бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Облысымыздан ауылшаруашылығы басқармасының басшысы, аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары және 20-ға жуық шаруа қожалықтың жетекшісі делегация құрамында болып, тәжірибе алмасты.
Егінжай күнінің басты мақсаты – Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту, көміртекті секвестрлеу және топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жөніндегі инновациялық шешімдерді таныстыру, сондай-ақ органикалық секторды қолдаудың институционалдық тетіктерін талқылау.
Іс-шара аясында көміртекті және органикалық егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлері жан-жақты сараланды.
Спикер баяндамасында көміртекті егіншілікті дамыту бойынша академия айқындаған басым міндеттерді атап өтті.
Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстанда көміртекті және органикалық егіншілікті дамытуға арналған ғылыми тұрғыдан негізделген шаралар мен оларды ұлттық деңгейде іске асыру тетіктерін қамтитын резолюция әзірленеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі