Сот жүйесі – ел ішіндегі тұрақтылық пен заң үстемдігінің берік тірегі
Заңның үстемдігін қамтамасыз ететін заң органдары қызметкерлерінің бірі – сот. Өйткені олар елге қызмет етуде Конституция мен қолданыстағы заңдарға сүйеніп әрекет етеді. Сондай-ақ олардың бойында құқықтық біліммен қатар адамгершілік қасиеттер болуы тиіс. Ал сот жүйесінің жұмысын қамтамасыз етумен айналысатын сот қызметкерлерінің кәсібилігі мен жауапкершілігі жоғары болса, халықтың сот билігіне деген сенімі нығая түседі.
24 маусым – Судья және сот қызметкері күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада осындай орамды ойлар айтылды. Жиында алғаш сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Бұдан кейін облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов, сот жүйесінің ардагері, облыстық соттың доғдарыстағы судьясы Асылхан Дармурзаев құттықтау сөз сөйледі.
Жиында аймақ басшысы облыстық соттың судьясы Гүлмира Егембердиева мен Айгүл Нұрлыбекованы, Тараз қалалық сотының төрағасы Берік Оразымбетовты, Тараз қалалық сотының судьясы Ғазиза Қамзиева мен Жанат Дүйсебаеваны, Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Төленбековті «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Сондай-ақ 3 адамға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, 1 адамға Алғыс хаты табыс етілді. Сонымен қатар бір топ сала қызметкері Жоғарғы соттың ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін, «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, Судьялар одағының «Үш би», «Судьялар одағының Құрметті мүшесі», «Жеті жарғы» төсбелгісін, Құрмет грамота және Алғыс хатын иеленді. Бірқатар азамат облыстық сот төрағасының, Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаменті басшысының, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты іс-шара соңында көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ