Жаңалықтар

Президент: Соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық зорлық-зомбылық, есірткімен күрес және көлеңкелі экономика мәселелері бойынша бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Президенттің айтуынша, бұл мәселелер тек құқықтық жүйенің емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Президент отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте нақты заңнамалық және институционалдық шаралар қолға алынғанын атап өтті. Соңғы бір жыл ішінде отбасындағы құқық бұзушылықтар үшін жаза күшейтіліп, арнайы заң қабылданды. Осы қадамдардың нәтижесінде 2024 жылдың басынан бері орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 30 пайызға төмендеген.

Бұдан бөлек, балалардың қауіпсіздігіне бағытталған "Қазақстан балалары" атты арнайы ұлттық бағдарлама әзірленіп жатқаны белгілі болды. Құжатта өскелең ұрпақтың құқығы мен мүддесін қорғауға арналған нақты механизмдер ұсынылады.

Сонымен қатар Президент жастар арасында нашақорлыққа бейімдік артып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл – еліміздің келешегіне төнген үлкен қатер.

Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, есірткі айналымы 84 пайызға артты. Есірткі өндіргені үшін жаза қатаңдатылып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Көлеңкелі экономикамен күрес – экономикалық қауіпсіздіктің негізі

Қазақстанда кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы тиімді жүйе қалыптасып келеді. 2019 жылдан бері ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеген.

Мемлекет адал кәсіпкерлерді қорғауға және қолдауға мүдделі. Осы орайда, Бас прокуратура шетелдік инвестиция қатысқан 34 триллион теңге көлеміндегі жобаларға құқықтық сүйемелдеу көрсетіп отыр.

Дегенмен Президент отандық бизнестің негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырауы секілді мәселелердің әлі де бар екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.