Жаңалықтар

Жамбыл облысында аяқ киім цехы ашылды

Жамбыл облысында жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту аясында ерекше жоба жүзеге асты, деп хабарлайды arainfo.kz сайты qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап

Тараз қаласындағы №25 түзеу мекемесінде былғары аяқ киім өндіретін жаңа өндірістік цех іске қосылды. Жоба облыстық прокуратура мен Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қолдауымен қолға алынып, сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.

Жеке кәсіпкер Бауыржан Теңізбаевтың бастамасымен ашылған өндіріс орны 90 миллион теңге инвестиция есебінен салынған. Жаңа цехтың жалпы аумағы — 500 шаршы метрден асады. Қазіргі таңда мұнда 25 жазасын өтеуші жұмыс істейді. Болашақта олардың саны 50-60 адамға дейін артпақ. Кәсіпорын тәулігіне 500-600 жұп аяқ киім шығаруға қауқарлы.

Түзеу мекемесіндегі еңбек – тек табыс көзі ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік оңалту тетігі. Жұмыс істейтін жазасын өтеушілерге жазасын жеңілдету, қауіпсіздігі төмен мекемеге ауысу немесе мерзімінен бұрын босау мүмкіндіктері қарастырылған.

Бұл жоба сотталғандарды әлеуметтік ортаға қайта бейімдеудің және оларға екінші мүмкіндік берудің тиімді жолы. Жалпы Жамбыл облысындағы 5 түзеу мекемесінде бүгінде мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Прокуратура мен ҚАЖ қызметі алдағы уақытта да мұндай әлеуметтік жобаларды жалғастыруды көздеп отыр.