Жаңалықтар

«Құлан таңы» газетінің 85 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Мерейлі датаға орай спорттық жарыс та ұйымдастырылған, деп хабарлайды arainfo.kz

Т. Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді.

Аудандық мәдениет үйінде өткен шараға облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы, “Salyq tartibi” газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, Жамбыл облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер журналистер мен жамбылдық қаламгерлер қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл аудандық газеттің  мерейтойына арналған құттықтау сөзін айтып, ізгі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман ғасырға жуық тарихы бар басылымның аудан өмірінде айшықты орны бар екенін атап өтіп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің жүрекжарды лебізін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді. Бұдан кейін «AULIEATA-MEDIA» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы газет ұжымына толағай табыс тілеп, арнайы әкелген кәдесыйын табыстады.

Салтанатты жиында “Salyq tartibi” газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай мен Жамбыл облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер журналистер Москау Нохрабеков, Сейсен Қожеке және Тұрсынхан Жаманбаев сөз алып, соғыс жылдарында жарық көрген газеттің тарихынан сыр шертіп, естеліктерін айтты.


Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл бірқатар азаматқа Алғыс хат табыс етті. 
Жиын соңы концерттік бағдарламамен түйінделді.

Айта кетейік, бұл күні «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойына арналған дартс, асық ату, дойбы спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.