Dulaty университетінің студенттері ҚАЖ мекемесінде тәжірибеден өтті
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен ҚР ІІМ ҚАЖК «59 мекеме» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды,деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің жұмыс жоспарына, сотталғандардың психологиялық көмек алу құқығын іске асыру бөліміне сәйкес, ҚАЖ комитетімен Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі психологиялық қызметті жетілдіру бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен ҚР ІІМ ҚАЖК «59 мекеме» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Аталған меморандум аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің 6В03111 – «Әлеуметтік саладағы психология» білім беру бағдарламасы бойынша күндізгі оқу бөлімінде оқитын 2 курс студенттері 2025 жылғы 26 мамыр мен 21 маусым аралығында ҚР ІІМ ҚАЖК «59 мекемесінде» өндірістік тәжірибеден өтті.
Тәжірибе барысында студенттер қылмыстық-атқару жүйесінің психологиялық қызметінің жұмысымен танысып, болашақ мамандықтарына қажетті практикалық білім мен дағдыларды меңгерді.
Мекеме бастығы, әділет полковнигі Руслан Гарифоллаұлы Уразметов студенттерге сәтті тәжірибе өткізіп, олардың кәсіби қалыптасуына оң ықпал ететінін атап өтіп, ізгі тілегін білдірді.