Серпіліс берген «Серпін»
Өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал ету, кадр тапшылығын жою – мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе халық тығыз шоғырланған оңтүстік өңірлер мен жұмыс күші тапшы солтүстік, шығыс және орталық аймақтар арасындағы айырмашылықты оңтайлы реттеу – уақыт талабы. Осы мақсатта жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін» бағдарламасы – жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатын, елдің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жоба.
Мемлекет қолдауының арқасында «Серпін» бағдарламасы он жылдан астам уақыт ішінде мыңдаған жастың тағдырын өзгертіп, олардың болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашты.
«Серпін» – ел болашағына салынған инвестиция. Бағдарлама жастарға мүмкіндік беріп қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын теңестіруге, ішкі көші-қонды реттеуге және біртұтас ұлт қалыптастыруға ықпал ететін маңызды мемлекеттік бастама.
Облысымызда да осынау мүмкіндікті пайдаланып, солтүстік өңірлерде білім алып жатқан жастар аз емес. Мәселен, жамбылдық жас Айжан Сейілбекова 2020 жылы бағдарлама бойынша Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университетке оқуға түскен.
Бағдарлама аясында жастар тек біліммен қаруланып қана қоймай, өзге өңірге бейімделіп, кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік алады. Бағдарлама болашақта жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтып, елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге сеп болмақ.
Сымбат ҚУАНЫШ