Білім

ҰБТ сынағы қалыпты өтуде

Оқу жылы аяқталысымен мектеп түлектері үшін аса жауапты кезең басталады. Анығын айтқанда, өрендер жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық біріңғай тест тапсыруға қамданады. Себебі ҰБТ оқушының мектеп қабырғасында алған білімін таразылап қана қоймай, болашақта таңдаған мамандығы мен кәсіби бағытына, мақсат-мұратына жол ашады.

Бұл сынақ – әрбір жастың алдағы тағдырына ықпал ететін маңызды кезең. Сол себепті де ұстаздар мен ата-аналар тарапынан қолдау, жігерлендіру аса қажет. Сондықтан бұл кезеңде талапкерлерге моральдық және психологиялық қолдау да аса қажет.

Ұлттық тестілеу орталығы Тараз қалалық филиалының басшысы Жамбыл Алпысбайұлының айтуынша, облыс көлемінде тест тапсыру үшін екі арнайы орталық қызмет көрсетуде.

Негізгі тіркеу 12-25 сәуір аралығында «www.app.testcenter.kz» сайты және «UTO» қосымшасы арқылы өткен. 12-18 сәуір аралығында бірінші мүмкіндікке, 19-25 сәуір аралығында екінші мүмкіндікке өтініш берілген. Ал негізгі тестілеу кезеңі 12 мамыр мен 7 шілде аралығында өтуде.

Ұстаздар мен ата-аналар тарапынан көрсетілетін сенім мен қолпаштау оқушыға күш-жігер береді. Баланың өзіне деген сенімін арттырып, үрей мен толқуды жеңуге көмектеседі. Қорқыныш пен қысым емес, жігерлендіру мен мейірім – нағыз нәтиженің кепілі. Бұл сынақ – өмірдің соңы емес, жаңа бір бастамасы екенін жас түлек терең сезінуі керек. Сол себепті мектеп, ата-ана және қоғам бірігіп, жас түлекке рухани тірек болып, алға қойған мақсатына сеніммен жетуіне жағдай жасауы маңызды.

Сымбат ҚУАНЫШ